Ертістің жайылуы: дайындық қалай жүріп жатыр

11 Сәуір 2024, 13:01
317
Бөлісу:
Ертістің жайылуы: дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: автордан

Ертіс өңірінде су тасқынының екінші кезеңі, яғни табиғат қорғау мақсатындағы су босату шараларына дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Мамандардың хабарлауынша, биыл Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларынан 6,5 млрд текше метрден астам су келіп, Ертіс жайылымының 90%-н қамтиды. Бұл – 11 жыл ішінде болмаған көрсеткіш.

Сол себепті Ертістің негізгі арнасына жақын елді мекендерде бөгеттерді бекіту жұмыстары жүріп жатыр.

Облыс бойынша гидротехникалық қорғау нысандары бар елді мекендерде тексеріс жүріп жатыр. Себебі, кей дамбалар мен бөгеттер шөгіп, кейбіреулері шайылып кетті. Нысандардың барлығы қалыпқа келтіріледі. Ең бастысы, біз су босату қашан, қандай көлемде болатынын білеміз. Соған дайын болуымыз шарт. Осындай ауқымдағы су босату тарихта болғаны белгілі. Осы жолы судың жайылуы аймағымыздың экожүйесіне оң әсерін тигізеді. Өйткені, өткен жылы құрғақшылық болды, - дейді облыс әкімі Асайын Байханов.

Қазіргі уақытта бөгеттерді нығайту жұмыстары Павлодар, Ақсу қалалары және Аққулы, Май, Павлодар, Тереңкөл аудандарында жүргізіліп жатыр. Елді мекендердің барлығы Ертіс өзеніне жақын орналасқан.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, облыс орталығына қарасты Кенжекөл және Атамекен ауылдарында гидротехникалық құралдар бекітіліп жатыр. Сонымен қатар, топырақ үйінділері тексерілді.

Атамекен ауылында үйінділер бекітілді. Сонымен қатар, үш мың тонна топырақ әкелінді. Сонымен қатар, екі мың топырақ толтырылған қапшық әзірленді. Он мың халқы бар Кенжекөл ауылына 6500 тонн топырақ әкелініп, елді мекеннің өзенге жақын аумағындағы үйінділер бекітілді. Өзге ауылдарда да осы тектес жұмыстар атқарылуда, - дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы