Ертіс өңірінде жол жөндеу сапасына қатысты олқылықтар анықталды

19 Маусым 2020, 14:08
1462
Бөлісу:
Ертіс өңірінде жол жөндеу сапасына қатысты олқылықтар анықталды

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының жемқорлыққа қарсы қызметінің мамандары "Сапалы жол – адалдық алаңы" жобасы аясында жол жөндеу сапасына мониторинг жүргізуде. Тексеріс нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталып, мердігер ұйымдарға ескертулер жасалды.

Тексеріс шаралары жол активтерінің ұлттық орталығы мамандарымен бірлесе жүргізіледі. Осы жолы Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп және Мұхтар Әуезов көшелерінің сапасы тексерілді.

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары Ардақ Балғожиннің айтуынша, зертханалық зерттеу жүргізу мақсатында шаһар көшелеріндегі асфальт жабындысы мен бордюр плиталарынан сынама алынды.

Зертханалық сараптама нәтижесінде асфальт пен бордюрге қойылатын нормативтік талаптардың орындалмағанына көзіміз жетті. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп көшелерінде бордюрде ақаулар анықталды. Құрылыс заттарының маркировкалары мен техникалық бақылау штампттары болмады. Бұл мемлекеттік стандарттардың бұзылуын көрсетеді. Ал Мұхтар Әуезов көшесінде Екібастұз қалалық тұрғын үй-коммуалдық шаруашылығы, жолушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен мердігер ұйымдарының көзінше жол құрылысы барысында пайдаланылған жыныстың сынамалары алынды. Зертханалық сынақ нәтижесінде асфальт жабындысының қалыңдығы 5 см емес, 3,4 см, 3,8 см және 4,3 см екені анықталды. Сонымен қатар, тығыздығы мен сумен қаныққандығы бойынша көрсеткіштердің жоқ, - дейді Ардақ Балғожин.

Анықталған олқылықтар бойынша материалдар ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды. Тексерістер нәтижесінде бюджеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуы қамтамасыз етілді. Сала мамадарының мәліметінше, бастапы кезеңде 2 млн 413 мың теңгенің қаражаты мақсатты пайдаланылды.

Айта кетейік, "Сапалы жол – адалдық алаңы" жобасы аясында жыл басынан бері төрт тексеріс жүргізіліп, 21 олқылық анықталды.

Еске салсақ, Ертіс өңірінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары төрт кезең бойынша бақыланады. Бұл жұмыс авторлық және техникалық қадағалау арқылы жүзеге асырылады. Биылғы жылы жөндеу жұмыстары 542 шақырымдық жол учаскелерінде жүргізіледі. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 85%-ға артады.

 

 

Өзгелердің жаңалығы