Ертең жастарға жалға берілетін пәтерге құжат қабылдау басталады

30 Қараша 2020, 14:35
4064
Бөлісу:
Ертең жастарға жалға берілетін пәтерге құжат қабылдау басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек айтты.

Оның айтуынша, жұмысшы жастарды қолдауға арналған аталған жоба алдағы уақытта еліміздің жұмыс күшіне және жастардың әрқайсысының жеке үйлері болуына септігін тигізеді. 

Бұл жоба бойынша құжат қабылдау 1 желтоқсан мен 6 желтоқсан аралығында жүргізіледі. Жастарды құжаттарды жинақтап, белсенді түрде қатысуға, өз мүмкіндігін жіберіп алмауды сұраймын, - деді Дәулет Кәрібек.

Айта кетейік, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй саны биыл 350. Пәтерлер 5 жылға дейін жалға беріледі. Сонымен қатар ай сайынғы жалдау ақысы 5 000–15 000 теңгені құрайды. 

Шарттары:

– 29 жасқа толмаған ҚР азаматы;

– аяқталған орта/арнайы орта/жоғары/жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ресми жұмысқа орналастыру;

– Нұр-Сұлтан қаласында соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты үздіксіз тіркелу;

– өтініш берушіде және отбасының барлық мүшелерінде ҚР бойынша меншік құқығында, сондай-ақ 2 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы;

– төлем қабілеттілігін растау (ай сайынғы табыс минимум 111 120 теңге/соңғы 6 айда 40 АЕК).

Қажетті құжаттар тізімі:

1. Өтініш берушінің ЭЦҚ кілті;

2. Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (жұбайы, балалары болған жағдайда) жеке куәлігінің сканерленген нұсқасы;

3. Дипломның сканерленген нұсқасы (жоғары білім туралы диплом, мектеп аттестаты, біліктілік, арнайы-техникалық білім туралы диплом – бар дипломдардың бірі);

4. . Неке қию туралы куәліктің сканерленген нұсқасы (болған жағдайда);

5. Балалардың туу туралы куәлігінің сканерленген нұсқасы (болған жағдайда);

6. Өтініш берушіге және отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (болған жағдайда жұбайы, балаларына да);

7. Жұмыс орнынан анықтаманың сканерленген нұсқасы (меншік нысанындағы мемлекеттік органдардың «ММ», «КММ», «РММ», «МКҚК», «РМҚК», «ШЖҚ МКК», «ШЖҚ РМК» қызметкерлерінде жұмыс орнынан мемлекеттік қызметтегі жалпы өтілі көрсетілген мекеменің фирмалық бланкісіндегі анықтама болуы тиіс);

8. Еңбек қызметінің бүкіл кезеңі үшін БЖЗҚ зейнетақы аударымдары туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;

9. Зейнетақы аударымдары есептелмейтін әскери қызметшілерге жұмыс орнынан Сіз тұрғын үй төлемдерін алмайтындығыңыз туралы анықтаманы қоса беру қажет;

10. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері қызметтік тізімді ұсынуы қажет (болмаған жағдайда, ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес құжаттардың бірін ұсынуы қажет);

11. Банктік шоттың бар екендігі және нөмірі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (карточкалық шот, ағымдағы, жинақ, дебеттік шот және т. б. – бар шоттардың бірі);

12. Банктік шот бойынша ақша қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірменің сканерленген нұсқасы;

13. Өтініш берушінің жеке жетістіктері туралы құжаттың сканерленген нұсқасы;

14. Жеке кәсіпкерлер жеке кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарлама ұсынады;

15. Егер Сіз еңбек демалысында немесе еңбекке уақыташа жарамсыз демалысында болып, Сіздің табысыңыз төмендеген болса, еңбек демалысы туралы бұйрығын немесе еңбекке уақыташа жарамсыз парағын қосымша ұсыну қажет.

16. Егер Сіз ТЖ әрекетіне 42 500 теңге алған болсаңыз, Сізге осы жәрдемақы түскен картаның шотынан үзінді көшірмені тіркеу қажет (01.01.2020 – 05.12.2020 жылдар кезеңінде карта бойынша үзінді көшірме).

Құжаттар онлайн түрде astana.gov.kz сайты арқылы қабылданады. 

Еске сала кетейік, қатысуға құжаттар тапсырған азаматтар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы