Ерлігі ерлермен тең нәзік жандар

6 Наурыз 2022, 17:15
3593
Бөлісу:
Ерлігі ерлермен тең нәзік жандар
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында Отан алдындағы әскери қызметін ерлермен бірге 50-ге жуық нәзік жан адал атқарып жүр. Олар отбасы мен жұмысты қатар алып, елдің игілігіне қызмет етіп, шаңырағының түтінін түзу ұшырып келеді. 

Әскери қызметтегі қыз-келіншектер үйде аяулы жар, мейірімін төккен ана, ибалы келін болса, жұмыста темірдей тәртіпке төзіп, ерлермен бірге ел тыныштығын   күзетуде. Саланың ауыр жұмысына қарамастан «елге еңбегім сіңсін» дейді олар. 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сыр өңірінде әскери салада қызмет етіп жүрген Қызылорда облыстық Қорғаныс істері жөніндегі  департаментінің тәрбие идеологиялық және әскери патриоттық жұмыстар басқармасының психологиялық қызмет бастығы, майор Искакова Нэлля Нәбиқызы мен 66597 Әскери бөлімі медициналық взводының дәрігер-хирургы, капитан Ақбөпе Таңатаровамен әңгімелескен болатынбыз.

Алғашқы кейіпкеріміз Нэлля Нәбиқызы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына 2006 жылы қабылданып, сол уақыттан бері үздіксіз әскери салада қызмет кетіп келеді. Ол өткен жылы ІІ дәрежелі Мінсіз қызметі үшін медалімен марапатталған. 

Психологиялық қызметке 2004 жылы келіп, 2006 жылы әскери қызметке қабылдандым. Жалпы бұл саладағы қызметім жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын бірқалыпты ұстау. Сонымен қатар мерзімді әскери қызметке шақырылушы сарбаздарды әскери қызметке және келісім шарт бойынша әскери қызметкерлерді іріктеу. Әскерге шақырылушының психологиялық дайындығын мұқият тексеруден өткіземін. Әр отбасындағы жағдай әртүрлі, кейбір балалар әскерге баруға дайын болып келеді. Енді кейбірінің отбасында Отан алдындағы борышын өтеу туралы сөз қозғалмағандықтан, олардың моральдық дайындығы болмайды, - дейді Нэлля Искакова. 

 

Ерлігі ерлермен тең нәзік жандар

Психолог әскерге аттануға ниетті әрбір сарбазды жүйелі түрде тексеріп, үш күн бойы оның жан дүниесіне үңіледі. Ең алдымен облыстық жиынтық пунктте психо-диагностикалық комплекс арқылы әскерге шақырушылар компьютерлік тесттен өтеді. Мұнан соң әртүрлі психологиялық әдістемелерме жеке өмірі туралы сұхбат жүргізеді.

«Түрлі методикалық әдістер сурет салу, әңгімелесу, сауалдар қою арқылы баланың жай-күйін анықтаймыз. Сонан соң әскери бөлімдерден келген өкілдермен бірлесіп жұмыс жасаймыз», - дейді Нэлля Искакова. 

Әскерге шақырылғандардың арасында түрлі тағдыр иелері бар екенін айтқан психолог әр балаға патриоттық күш беріп, тілеуін тілеп отыратынын жеткізді. Бір мезгілде 900-ден астам баланы жеке қабылдап, олардың әрқайсысының психологиялық жағдайын бақылауда ұстап жүріп, денсаулығы жарамды балалардың патриоттық сезімін оятып, әрбірінің әскер қатарынан аман-есен оралуын тілеп, шығарып салатын Нэлля Нәбиқызының жүрегі мейірімге тұнып тұрғанын әр сөзінен аңғаруға болады.  

Әр бала әртүрлі, бірі Отан алдындағы борышын өтеу парыз екенін сезініп келсе, енді бірі әскерге барудан қашады. Біздің қоғамда әлі де патриоттық тәрбиенің кем екені байқалады. Сондықтан осындай балалармен, тіпті ата-анасымен де тығыз байланыс орнатып, елдің патриоты, елдің қорғаны болуға шақырамыз. Алғашқыда әскер қатарына қосылғысы келмегенімен, бір жылдан соң алғысын жаудырып кететіндер жеткілікті, - дейді психолог. 

Әр мезгілде түрлі проблемалармен ұшырасатын психолог Нэлля Нәбиқызы өткен жылдың күзгі әскерге шақыру науқанында жастардың арасында ойынқұмарлық пен несие алуға бейімділігі көп екенін айтты. Тіпті кейбір сарбаздардың арасында 10-нан астам шағын несиелері бар екені анықталған. 

Жастардың арасында ойынқұмарлық, шағын несиеге жүгіну бүгінгі күннің проблемасына айналды. Бұл мәселе былтыр күзгі шақырылым кезінде сарбаздар арасында да жиі кездесті. Мұнан ата-ананың тығырыққа тірелері анық, - дейді Нэлля Искакова. 

Болашақ сарбаздардың келешегіне алаңдаушылық білдіріп, әр баланың проблемасын жан-тәнімен түсінуге тырысатын кейіпкеріміз ұжымның да ұйытқысына айналған. 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ерлермен бірге мейрамның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, айналасындағы нәзікжандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысады. Мерекеде ерлер қауымына бағыт-бағдар беріп, әріптестеріне құрметін көрсетіп келеді. 

Мамандықты қиынсынсам орта жолдан тастап кеткен болар едім, бірақ жеңіл деп те айта алмаймын. Дегенмен бұл салада өзге салаларға қарағанда ерекшелік бар. Талап жоғары болғандықтан жауапкершілікке мығым болуың қажет. Бұл салаға саналы түрде келгеннен кейін соңына дейін жеткізуім керек, - дейді Нэлля Искакова.

Қызметі мен қатар отбасының да ұйытқысы болған Нэлля Нәбиқызы жарымен бірге 4 қыз тәрбиелеп, алдыңғылары тұрмысқа шығып, қазіргі таңда немере сүйіп отыр. Өзінің қызығы мен шыжығы көп салада тапжылмай 16 жылдан бері қызмет етіп келе жатқаны жолдасының арқасы екенін де тілге тиек етті. Ерінен қолдау тауып, өзі де отбасының бабын жасай білген ана елге қызметі барысында түрлі марапатқа да ие болған. 

Нэлля Нәбиқызы Қарулы Күштерде Қызылорда облысы бойынша қазақ қыздары арасында алғаш рет офицерлік лауазымға тағайындалған. Сонымен қатар 2018-2019 жылдары М.Мәметова атындағы жоғарғы педогогикалық колледждің ұйымдастыруымен құрылған «Мәншүк маршлында» 2 жыл жетекшілік етті. Осыған орай Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына байланысты «Мәншүк Ерлік - шамшырағы төсбелгісімен марапатталған. Қарулы Күштердің 20 жылдығы, ІІІ дәрежелі Мінсіз қызметі үшін және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталған.

Отан алдындағы қызметін мінсіз атқарып келе жатқан Нэлля Нәбиқызының әлі де талай балаға оң бағыт беріп, қазақ әскерінің қатарын мықты сарбаздармен толықтыруға атсалысатынына сенім мол.

Ерлігі ерлермен тең нәзік жандар

Қызылорда қаласындағы 66597 Әскери бөлімі медициналық взводының хирург-дәрігері Ақбөпе Таңатарова қызығы мен шыжығы көп бұл салаға 2016 жылы келген. Мамандығын мақтаныш ететін нәзік жанның бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.

Ақбөпе Таңатарова Тараз қаласындағы «Президенттік көпсайыс» додасында қола жүлдегер атанған. Сонымен қатар Санкт-Петербург каласында өткен ІV халықаралық армия ойындарының «Медициналық эстафета» командалық сайысында ІІІ орынға ие болды. Өзбекстанның Джиззак қаласында өткен V халықаралық армия ойындарының «Медициналык эстафета» сайысында алтын жүлдегер атанған. Сондай-ақ 2019 жылы ҚР Қорғаныс министрінің І дарежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталған. Өткен жылы Қызылорда қаласы әкімінің «Сыр үміті» сыйлығына ие болды.  

Жұмысым өзіме ұнайды. Негізгі атқаратын қызметім денсаулығына шағымданған әскери қызметшілерге алғашқы медициналық көмек көрсету. Сонымен қатар оқу-жаттығулары кезінде полигонда әскери қызметшілерге медициналық қызметті қамтамасыз ету, - дейді Ақбөпе Таңатарова. 

Ерлігі ерлермен тең нәзік жандар

Әскери қызметке өз таңдауымен келген Ақбөпе Маратбекқызы әріптестеріне алғашқы күннен-ақ өзінің іскерлігін, жеңіске деген талпынысын байқатқан. Ол түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, тек жүлделі орындарға ие болып жүр. 

Алғаш рет Тараз қаласында өткен «Офицерлік үш сайыс» жарысына қатыстым. Онда І орынға ие болып, алтын жүлдегер атандым. Ай сайын әртүрлі жарыстарға қатысып, мүмкіндіктерімді шыңдай бердім, - дейді ол.    

Ерлігі ерлермен тең нәзік жандар

Әр саланың өз қиындығы мен қызығы болатыны рас. Ақбөпе Таңатарова да өз саласындағы қиындықтарға барынша шыдамдылық танытып, елдің игілігіне өз үлесін қосып жүргеніне риза екенін жеткізді. 

Елімізде жыл басында орын алған оқыс оқиға салдарынан көп адамдар «мамандығыңа өкініш білдірмейсің бе?» деген сынды сұрақ қояды. Бұл менің өз қалауыммен таңдаған мамандығым. Сондықтан барлық қиындығына төтеп беруге дайынмын. Елдің қамын ойлау, халыққа адал қызмет ету біздің, яғни, әрбір әскери қызметшінің міндеті мен борышы, - дейді Ақбөпе Таңатарова. 

Ел тыныштығын күзеткен сарбаздар мен әскери қызметкерлердің денсаулығына жауапты жауынгер нәзікжандардың әр қызметі мен жетістігі кейінгі жастарға үлгі екені белгілі.

Өзгелердің жаңалығы