Ерлан Қошанов Үкіметке ескерту жасады

30 Маусым 2023, 09:51
1125
Бөлісу:
Ерлан Қошанов Үкіметке ескерту жасады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің жұмысын сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қошанов Үкіметпен бірлесе жұмыс істеу кезіндегі кейбір мәселелерге тоқталып өтті.

Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер. Олар бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл жайттарға Үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажетті заң жобаларын Мәжіліске уақтылы ұсынбай отыр, - деді Мәжіліс спикері.

Оның айтуынша, осы себептен депутаттар осы өткір мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр.

Осы орайда Үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тездетуге тиіс. Сонымен бірге депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына Үкімет қорытындысын қарау мерзімі тым ұзақ. Белгіленген тәртіп бар. Бірақ ол тәртіп көп жағдайда сақталмай отыр. Соның салдарынан кейбір заң жобаларының қабылдануы кідіріп тұр, - деді ол.

Қошанов Үкіметке қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарау керек деп санайтынын жеткізді.

Айтуынша, жалпы отырыстарға, жұмыс топтарына келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы төмен.

Жауаптарының сапасы сын көтермейді. Бұл депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да қатысты. Біз депутаттық сауалдарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер көтеріп, сайлаушылардың тілегі мен аманатын жеткіземіз. Өкінішке қарай, бізге толық жауаптың орнына жалпылама, сырғытпа жауаптар ғана келеді. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін біз Үкімет мүшелерін арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз, - деді Қошанов палаталардың бірлескен отырысында.

Өзгелердің жаңалығы