Ерлан Қошанов Қытай Парламентінің Спикері Ли Чжаньшумен келіссөз жүргізді

29 Маусым 2022, 01:43
1586
Бөлісу:
Ерлан Қошанов Қытай Парламентінің Спикері Ли Чжаньшумен келіссөз жүргізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен бейнебайланыс арқылы келіссөз жүргізді. 

Тараптар екіжақты қатынастарды, соның ішінде заң шығарушы органдар арасындағы өзара байланысты тереңдету жөнінде пікір алысты.

Ли Чжаньшу Ерлан Қошановты Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы лауазымына сайлануымен құттықтай келе, ыңғайлы уақытта Қытай еліне ресми сапармен келуге шақырды.

Осы жылдар ішінде біз стратегиялық және сенімді қарым-қатынас орнаттық. Жоғары деңгейдегі тұрақты диалог соның берік негізіне айналды. Осының барлығы елдеріміздің көшбасшыларының шынайы достығы мен сенімді қатынастарының нәтижесі екені сөзсіз, – деді Мәжіліс Спикері. 

Өз кезегінде Л.Чжаньшу екіжақты байланыс жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және мемлекетаралық қатынастардың жарқын үлгісіне айналғанын  атап өтті.

Ерлан Қошановтың айтуынша, геосаяси сын-қатерлерге және күрделі халықаралық жағдайға қарамастан Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі болып қала бермек.

Мәжіліс Төрағасы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның басшылығымен мемлекет зор табыстарға қол жеткізгенін және әлемдегі екінші ірі экономикаға айналғанын атап өтті.

Ерлан Қошанов Ли Чжаньшуды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені жаңғыртуға және елді дамытуға бағытталған ауқымды реформалары туралы хабардар етті. 

Ли Чжаньшу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен саяси тұрақтылық сақталып, Қазақстан халқының тұрмыс деңгейі мен халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанын айтты.

Тараптар бірқатар халықаралық ұйымдар шеңберіндегі парламентаралық ықпалдастық мәселелерін талқылап, елдеріміздің «Бір белдеу – бір жол» бастамасын бірлесе жүзеге асыру аясында ықпалдастыққа дайын екенін атап өтті.

Бұл ретте Ерлан Қошанов цифрландыру, «жасыл технологиялар» және инновациялар салаларында ірі бірлескен жобаларды іске асыру үшін  «Цифрлық Жібек жолы» және «Жасыл Жібек жолы» бастамалары уақыт талабына сай жасалған қадам екенін айтты.  

Тараптар трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану мәселелерін талқылап, олардың экожүйелерін сақтау және сол бойынша тиісті келісімге қол қоюды жеделдетуге қатысты бірлескен жұмысты күшейту қажеттілігі туралы ортақ пікірлерін жеткізді.  Осы орайда Ли Чжаньшу мырза келешекте өзара түсіністік негізінде біздің ортақ трансшекаралық Ертіс өзені достық пен ынтымақтастық көпіріне айналатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Парламент спикерлері Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады.

Өзгелердің жаңалығы