Ерлан Қошанов: Енді жүк те, жауапкершілік те депутаттарға түседі

5 Сәуір 2023, 10:16
1706
Бөлісу:
Ерлан Қошанов: Енді жүк те, жауапкершілік те депутаттарға түседі
Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Мәжілістің жалпы отырысында Ерлан Қошанов депутаттар жұмысының қарқыны да, салмағы да арта түсетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сөзінше, Мемлекет басшысының реформаларының нәтижесінде елдегі негізгі саяси институттың барлығы жаңғырды. Мәжіліс сайлауы сол жаңғырудың соңғы сатысы болды.

Мәжілісте алғаш рет 6 саяси партия және бірмандатты округтен сайланған депутаттар отыр. Біздің бағдарламаларымыз бен көзқарасымыз әртүрлі болғанымен елдің, мемлекеттің мүддесі мәселелеріне келгенде ойымыз да, міндетіміз де ортақ, - деп айтты Қошанов.

Мәжіліс спикері күн сайын Мәжіліс жұмысының қарқыны да, салмағы да арта түсетінін жеткізді.

Сонымен қатар Қошанов заң шығару мәселесіне де тоқталып өтті.

Негізгі жұмысымыз - сапалы және нақты жұмыс істейтін заңдар қабылдау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы шақырылымның бірінші сессиясында жаңа Парламенттің алдында тұрған міндеттердің ауқымдылығына тоқталған болатын. Соның ішінде Мемлекет басшысы еліміздің қарқынды дамуы үшін алдағы 5 жылда сапалы заңнамалық негіз жасауды тапсырды. Бұл үшін барлық алғышарт жасалған. Мәжіліске заң қабылдау өкілеттігі бүгінгі күні болығымен берілді. Енді жүк те, жауапкершілік те бізге түседі деген сөз, - деді ол.

Қошанов депутаттар үйлесімді, тиімді және жүйелі жұмыс істеуі керегін айтты.

Мәжілісте 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жуырда тағы да бірқатар заң жобасы Мәжіліске келіп түседі.

Өзгелердің жаңалығы