Қарин Мәжіліс мақұлдаған парламенттік оппозицияға қатысты пікірін білдірді

6 Мамыр 2020, 14:40
1469
Бөлісу:
Қарин Мәжіліс мақұлдаған парламенттік оппозицияға қатысты пікірін білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық Кеңес хатшысы Ерлан Қарин Мәжіліс мақұлдаған парламенттік оппозицияға қатысты заң жобасына пікір білдірді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 2019 жылдың желтоқсанында өткен Ұлттық кеңестің екінші отырысында жарияланған президенттік саяси реформалар топтама аясында әзірленген тағы бір маңызды заң жобасы қаралды. Атап айтқанда, мәжілісмендер "ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңының жобасын талқылады. Аталған заң жобасында парламенттік оппозиция (азшылық) институтын енгізу, сонымен қатар парламенттік азшылық депутаттарынан Парламент Мәжілісінің бір тұрақты комитетінің төрағасы және 2 хатшысы лауазымында кандидатура ұсыну құқығына кепілдік беру көзделген. Бұл орайда ең маңыздысы, оппозиция ұсынған кандидатураға дауыс беру оппозиция өкілдерінің бірі сайланғанға дейін жалғасатын болады. Басымдыққа ие партия өкілі бұл лауазымға сайлана алмайды, - деп жазды Ерлан Қарин Facebook парақшасында .
Оның атап өтуінше, жаңа нормаларға сәйкес, парламенттік оппозицияға парламенттік тыңдаулар өткізу, сондай-ақ Мәжілістегі Үкімет сағатының күн тәртібін жасақтау құқығы беріледі. Бұл нормаларды пайдалану үшін белгілі бір партия өзін оппозициямын деп жариялау тиіс.
Ұлттық кеңес ұйытқы болған бұл заң жобасы өзге де заң жобалары сияқты талқылаулар мен пікір алмасудың ұзақ жолынан өтті. Атап айтқанда, ол Мәжілістің барлық комитеттерінде талқыланды. Тек бас комитеттің өзінде осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының 7 отырысы болды. Бүгін де жапы отырыс барысында бұл заң жобасына қатысты өте қызыу пікірталас болды. Дегенмен, басқа заң жобаларына қарағанда оған депутаттардың өздері, оның ішінде "Ақ жол" партиясының фракциясы бастамашылық жасаған еді. Бұл да таң қаларлық жайт емес. Себебі біздің заңнамамыздағы мүлдем жаңа норма жайында сөз болып отыр. Және де тек заңнамада ғана емес, толықтай алғанда саяси тәжірибеде және мәдениетте, - деді ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық Кеңес хатшысы Ерлан Қарин.

Өзгелердің жаңалығы