Қарағандыда еріктілер 5 мыңнан астам отбасыға көмек көрсеткен

10 Сәуір 2020, 23:06
1874
Бөлісу:
Қарағандыда еріктілер 5 мыңнан астам отбасыға көмек көрсеткен

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Қарағанды облысында 1146 ерікті бар. Олар 16 наурыздан бастап 16 мыңнан астам адамға қайырымдылық көмек көрсеткен.

Облыстағы карантин режиміне қарамастан еріктілердің қатарындағы қайырымды жандардың саны күн санап өсіп келеді.  

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері еріктілер мен қайырымгер кәсіпкерлер 158 қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға, көпбалалы жанұяларға, қарттарға және мүгедектерге көмектескен.

Акция аясында 5 мыңнан аса отбасы қамтылып, 16 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. Мұқтаж жандарға макарон өнімдері, ұн, ет, сұйық май салынған азық-түлік себеттері үлестірілді. Облыс бойынша 48 тонна азық-түлік, санитарлы-тазалық және тұрмыстық заттар таратылды. Осының барлығына шамамен 16 млн 400 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

Сонымен қатар, волонтерлер мен жеке кәсіпкерлер 13 мыңнан астам көпреттік қолдануға арналған маскалар тігіп, таратты.

Қазіргі уақытта аймақта 1146 ерікті жұмыс істеуде.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері біздің қайырымдылық қор жүргізетін шаралар бір күнде тоқтаған жоқ. Біз күніне кемінде бір отбасыға көмек көрсетеміз. Қаланың Пришахтинск сияқты шеткері аудандарына, Теміртау қалаларына да бара аламыз. Еріктілер ұйымы екендігіміз жайлы анықтамамыз бар. Сол анықтамамен еш кедергісіз көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізіп жатырмыз. Өкінішке орай, бүгінгідей қиын кезеңде көмекке зәру отбасылардың қатары көбейіп отыр. Оларға қол ұшын созу басты мақсатымыз, - дейді “TamshyKZ” қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы Жансая Каменова.

Қайырымдылық қордың құрамындағы волонтерлер қайырымдылық шарасына үш адамнан барады. Олардың қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан да, еріктілер вирустан қорғайтын қорғаныс құралдарымен қамтылып, арнайы маскаларды, қолғаптарды, антисептиктерді қолданады. Көмек көрсету кезінде қауіпсіздік шаралары барынша сақталады.

7 сәуірде Қарағанды облысында волонтерлердің “Сарыарқа жастары” штабы құрылған. Штабтың мамандары күн сайын тұрғындардың телефон қоңырауларын қабылдайды, еріктілерге қала ішінде кедергісіз қозғалуға арналған құжат-анықтама береді.

Жастар саясаты басқармасы жанынан облыстық “Сарыарқа жастары” еріктілер штабы құрылып, онда бүгінгі таңда 150 ерікті қызмет етіп жатыр. Аймақтың еріктілері осы уақытқа дейін 16 000 азаматқа көмек көрсеткен. Сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өткерген біздің ел бұл қиындықтан да аман-есен өтеді деп сенеміз, - дейді “Жас Отан” Жастар қанаты” Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов.

Оның пікірінше, әлемді дендеген пандемия жағдайында өз денсаулықтарын қатерге тігіп, қарияларға, көмекке зәру жандарға қол ұшын созып жүрген еріктілердің ісі ерлікпен тең. Жастар Елбасының сенімен шығып, болашағынан үміт күттіретіндіктерін дәлелдеуде.

Штаб құрылған уақыттан бастап күніне 70-ке тарта қоңырау қабылдайды. Тұрғындар штабқа тегін азық-түлік себетіне байланысты, сондай-ақ, дүкеннен азық-түлік өнімдерін, дәріханадан дәрі-дәрмек жеткізуге байланысты және еріктілер құрамына кіру мақсатында хабарласады. Еріктілер құрамына кіруге ниеттілер “Белсенді Азамат”  платформасы арқылы өтінім білдіре алады. Еріктілер штабына 8-(7212) 40-21-33,  8-701-339-37-33 (WhatsApp),  8-702-6357331 нөмірлері бойынша хабарласуға болады.

Өзгелердің жаңалығы