Эр-Риядта Әуезовтің шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

28 Қыркүйек 2023, 22:37
804
Бөлісу:
Эр-Риядта Әуезовтің шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі Сауд Арабиясындағы зерттеу және мәдениетаралық білім орталығымен бірлесіп, ұлы жазушы және драматург Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын таныстыру шеңберінде, ғылыми-практикалық конференция өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конференцияның ашылуында сөз алған Саудтық зерттеу және мәдениетаралық білім орталығының басшысы доктор Яхья Махмуд бен Джунайд бұл бастаманың Сауд Арабиясы жұртшылығын танымал жазушы және ғалым М. Әуезовтің шығармашылығымен таныстыру маңыздылығын атап өтіп, мұндай іс-шаралар екі ел халықтарының өзара танымын кеңейтуге және мәдени байланыстарды нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде, Қазақстанның Корольдіктегі Елшісі Берік Арын М. Әуезовтің шығармашылығы мен өмір жолы, сондай-ақ біздің елімізде және шетелде жазушының мұрасын насихаттау және әлем жұртшылығын оның шығармашылығымен таныстыру бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл тұрғыда дипломат көрнекті қазақ жазушысы, драматург және ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Жетім» «Көксерек», «Қараш-Қараш» повестері және т. б. еңбектерінің арқасында көпшілікке танымал болғанын, ал төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы оны әлемге әйгілі еткенін атап өтті.

Б. Арын 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175- жылдық мерейтойына арналған форум да осы Орталықта өткені символикалық мәнге ие болғанына назар аударды.

Іс-шарада сондай-ақ онлайн форматта Еуразиялық ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасының профессоры филология ғылымдарының докторы Самал Төлеубаева, философия докторы, Нұр-Мүбарак университетінің ғылым және инновация департаментінің директоры Ықтияр Палтөре, бұрынғы дипломат және арабист-шығыстанушы Қайрат Саки сөз сөйледі. Олар өз зерттеулерімен бөлісіп, М. Әуезовтің қазақ әдебиеті мен әлемдік мәдени мұраның дамуына қосқан үлесі, ұлы ойшыл Абайдың Мұхтар Әуезов шығармашылығындағы рөлі, классикалық араб әдебиетінің Орталық Азия өңіріндегі әдебиеттің қалыптасуы мен дамуына әсері туралы әңгімеледі.

Конференцияға қатысушылар қазақстандық ғалымдардың баяндамаларын үлкен қызығушылықпен және ризашылықпен қабылдады.

Атап айтқанда, «Әл-Йамама» журналының бас редакторы және белгілі сауд ақыны Абдалла Ас-Сайхан Мұхтар Әуезовтің араб тіліндегі өмірбаяны мен шығармашылығы туралы ақпараттың интернетте аздығына тоқталып, ол туралы қызықты ақпарат бергені үшін алғысын білдірді.

«Әл-Арабия» газетінің бас редакторы Абделазиз Ас-Сақаби қазақ жазушылары мен ақындарының антологиясын араб тіліне аударуды және аударманы қысқа әңгімелер мен новеллалардан бастап жүзеге асыру туралы ұсыныс жасады.

Жалпы, конференцияға қатысқан сауд зиялылары мен БАҚ өкілдері Елшіліктің бастамасын жоғары бағалап, Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығымен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыстарын білдірді.

Қатысушылар осындай көрнекті қазақ жазушысының шығармашылығы әлі күнге дейін араб жұртшылығына беймәлім екенін атап өтіп, екі елдің мемлекеттік және жеке құрылымдарын қазақ және сауд жазушыларының ең танымал шығармаларын араб және қазақ тілдеріне, ең алдымен М. Әуезовтің туындыларын, оның ішінде «Абай жолы» роман-эпопеясын аударуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы