Эпиджағдай оптимистік сценарийге сай – Денсаулық сақтау министрі

3 Тамыз 2021, 10:27
5145
Бөлісу:
Эпиджағдай оптимистік сценарийге сай – Денсаулық сақтау министрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Министр еліміздегі эпиджағдайға жасалған болжамдар бойынша оптимистік сценариймен келе жатқанымызды алға тартты.

Стационарлардағы жүктемені бағалау матрицасына сәйкес, еліміздегі 4 өңір «қоңыр-қызыл» аймақта екені белгілі. Яғни Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстарында төсек-орындардың апталық қамтылуы 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден асып отыр.

Тамыз бен қыркүйек айына жасалған эпидемиологиялық болжауға сәйкес, біз оптимистік сценарий бойынша келе жатырмыз. Ол болжам бойынша тіркелген жағдайлар тамыз-қыркүйекте 250 мың адам немесе тәулігіне 7000 жағдайға тең болатын. Алдағы оптимистік сценарийдің дамуы карантин талаптарын сақтап, вакцинация салдыру қарқынын көбейтумен тікелей байланысты болады, - деді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасуда. 3 тамыздағы жағдай бойынша, вакцинаның 9,4 млн дозасы қолданылды. Оның ішінде, І компонентті 5 480 094 адам салдырған, бұл вакцина салдыруы тиіс халықтың 55,4%-ын құрайды. ІІ компонентпен 3 941 941 адам немесе екпе алуы тиіс халықтың 39,8%-ы қамтылған.

Сондай-ақ ДСМ қосымша тағы да 8 млн доза вакцинаны жеткізуге келісімшарт жасалғанын хабарлаған болатын. Аталған доза 4 млн адамды қамтиды.

Өзгелердің жаңалығы