Карантиндік шектеулердің «Алтын Орда» базарына қатысы жоқ па? – облыс әкімінің орынбасары жауап берді

13 Қыркүйек 2021, 14:40
3255
Бөлісу:
Карантиндік шектеулердің «Алтын Орда» базарына қатысы жоқ па? – облыс әкімінің орынбасары жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов айтты. Пандемия өршіп тұрған кездің өзінде неліктен базардың жабылмағандығын әкім орынбасары түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, бұл мәселеге жан-жақты қарау қажет. Оған себеп – базардың республикалық маңызға ие екендігі болып отыр.

Ол еліміздегі азық-түлік бағасының қалыптасуында үлкен рөлге ие. Өйткені аймақтардағы көтерме саудамен айналысатындардың көпшілігі осы базардан алады. Егер біз оған шектеу қойсақ немесе бірнеше күнге жауып тастасақ, бірінші кезекте дүрлігу мен азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауы орын алады, - деп атап өтті Батыржан Байжұманов. 

Сондай-ақ республикалық маңызға ие базарда Алматы облысын ғана емес, Алматы қаласын да азық-түлікпен қамтамасыз ететін 40-қа жуық үлкен қойма бар.

Ал облыстың бас санитарлық дәрігері Ерғали Сыдымановтың айтуынша, эпидемиологиялық талаптардың сақталуы талап етіледі және базар оларды барынша сақтауға тырысады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында қанша жүкті әйелдің коронавирус инфекциясын жұқтырғандығы туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы