Эпидемиолог вакцинадан кейінгі қалыпты және болуы мүмкін әсерлер туралы айтты

30 Сәуір 2021, 18:47
2013
Бөлісу:
Эпидемиолог вакцинадан кейінгі қалыпты және болуы мүмкін әсерлер туралы айтты
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде халықты жаппай вакцинациялау жүзеге асырылып жатыр. Ақпан айында ресейлік вакцинаны салдырту басталса, сәуірден бастап қазақстандық вакцина айналымға кірді. Вакцинадан кейінгі қалыпты және болуы мүмкін әсер туралы сұрақтарға эпидемиолог дәрігер Лена Қасабекова жауап берді.

Тілші: Қазіргі таңда Қазақстанда қанша адам вакцина салдырды?

- 29 сәуірдегі жағдай бойынша коронавирус індетіне қарсы 1 184 124 адам вакцина қабылдады. Егу барысында Алматы (146239), Қарағанды (109632) облыстары, Алматы (211 044), Нұр-Сұлтан (106 284), Шымкент (102552) қалалары белсенді болып отыр. Вакцина салдыртуға келген адамдарда таңдау бар. Себебі 26 сәуірден бастап республиканың медициналық ұйымдарына қазақстандық вакцина түсті. Адамдар медициналық ұйымдарға келгенде, қай вакцина салдыртқысы келетіні туралы өздері айтады.

Тілші: Қазақстандық вакцина ресейліктен артық деп айта аламыз ба?

- Қазақстандық вакцинаның осы уақытқа дейін қолданылып келе жатқан ресейлік вакцинадан бірқатар ерекшелігі бар. Олар: дайындалу технологиясы бойынша – отандық вакцина инактивтелген, яғни вирусты химиялық жолмен өлтіру арқылы әзірленді. Ресейлік вакцина векторлық вакцина - аденовирустың қабығына коронавирустың ген бөлшегін орналастыру арқылы жасалады. Сақтау және тасымалдау жағдайларына қарай, қазақстандық вакцина +2,+8С температурада сақталады. Оны қарапайым тоңазытқышта сақтауға болады. Ал ресейлік вакцина -18С төмен температурада арнайы мұздатқыш камераларында сақталуы керек. Оны тек мұздатқыш орнатылған транспорт арқылы тасымалдауға болады. Отандық вакцина 1 дозалық болса, ресейлікте 5 доза бар.

Тілші: Қазір вакцина салдыртқан кейбір адам қызуы 37С-ға дейін көтерілгенін айтып жатады. Вакцина ағзаға әртүрлі әсер етуі мүмкін бе?

- Вакцина әр адамға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Әрбір ағза индивидуалды болғандықтан, әсері де әртүрлі болады. Осы күнге дейін егілгендер арасында жанама әсерлер болған жоқ. Ал тіркелген әсерлер – вакцина салған жердің аздап ауруы, ісінуі. Жалпы әсерлер – бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, қан қысымының көтерілуі, олар 1-3 күн аралығында қайтады.

Тілші: Медицина қызметкері ретінде сіз қандай вакцина ектірдіңіз?

- Өзім қатерлі топқа жататын медицина қызметкері болғандықтан ақпан айында ресейлік «Спутник V» вакцинасын алдым. Вакцина алудың 1 кезеңінде вакцина салған жердің аздап ауруы, ісінуі болды, бас ауруы байқалды. 2-компонентте еш әсер байқалған жоқ. Әрине, біз елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаны шығарған ғалымдарымыздың бар екеніне мақтануымыз керек деп ойлаймын. Бұл біздің елде әзірленген алғашқы вакцина емес. Оған дейін де биологиялық қауіпсіздікті сақтау ғылыми-зерттеу институтында тұмауға қарсы вакцина жасалған болатын. Ғылыми-зерттеу институты Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Гвардейский кентінде орналасқан. Ол Қорғаныс министрлігінің Отар әскери базасының аймағына кіреді. Институт жыл сайын қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы 27 млн дозадан астам вакцина әзірлейді. Нысан жабық режимде жұмыс істейді. Себебі БҚПҒЗИ I-II деңгейдегі патогендік аса ауыр инфекциялармен жұмыс істеуге рұқсат алған. Институт жыл сайын әртүрлі қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналардың 27 млн дозасын әзірлеп шығарады. Институттың әртүрлі отандық және халықаралық ұйымдарымен 23 келісімшарты бар.

Тілші: Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы