"Энергетиктер еңбекақысы тариф мөлшеріне байланысты". Дәулеталин жалақы мәселесі туралы

6 Маусым 2023, 16:22
996
Бөлісу:
"Энергетиктер еңбекақысы тариф мөлшеріне байланысты". Дәулеталин жалақы мәселесі туралы
Фото: ҚР КФ медиаорталығы

Кәсіподақтар федерациясы энергетиктердің жалақысы мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР КФ медиаорталығының хабарлауынша, Алматыға жұмыс сапары аясында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қаладағы ең көне энергетикалық кәсіпорындардың бірі – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-да болып, еңбек ұжымымен кездесті және еңбек саласындағы жағдаймен танысты.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ өз желілері арқылы Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушыларына, барлығы 926 мыңнан астам тұтынушыға – 4 млн адамға электр энергиясын жеткізетін Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық кәсіпорындардың бірі.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басшылығының айтуынша, бүгінде кәсіпорында 3851 адам жұмыс істейді, оның 3 572-сі кәсіподақ мүшелері.

Өзара келіссөздер арқылы біз қызметкерлерге берілетін кепілдіктер бойынша кейбір ұстанымды жақсартып, ұжымдық шартта бекіте алдық. Осылайша, хирургиялық ота жасатқан қызметкерлерге қаржылай көмек көрсетіліп, қызметкерлерді сауықтыру үшін қаражат бөлінді. Ал жаңа салалық келісімнің қабылдануының арқасында ұжымдық шартта техникалық инспекторларға 15 000 теңге көлемінде төлемақы қарастырылған, - деді жергілікті кәсіподақ төрағасы.

Кәсіпорын қызметкерлерінің орташа жалақысы 368 мың теңге, бұл саладағы басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 10 пайызға төмен. «Алатау Жарық компаниясы» өткен жылы жұмыскерлердің жалақысын екі рет индексациялады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ еңбек ұжымымен кездесу барысында энергетиктерге еңбекақы төлеу мәселесін көтеріп, ҚР КФ саладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған шаралары туралы айтты.

Кәсіподақтар энергетика саласындағы тарифтік саясатты қайта қарауды талап етеді. Өйткені тек өндіріс қуатын жаңғырту ғана емес, сонымен қатар энергетиктердің еңбекақысы да тарифтердің мөлшеріне байланысты. Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымы – салалық кәсіподақ Энергетика министрлігі мен үкімет атынан әлеуметтік әріптестіктерге тариф саясатын реттеу туралы өтінішпен бірнеше рет жүгінген. Қазір бұл мәселе комиссияда қаралып жатыр. Тарифтерді көтеру мәселесі – қажетті шара, - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту туралы айта отырып, ҚРКФ басшысы жұмыс беруші мен еңбек ұжымы өкілдері – кәсіподақ арасында жүргізіліп жатқан тұрақты еңбек консультацияларының тиімділігіне назар аударды.

Бір еңбек ұжымы аясындағы әлеуметтік әріптестер арасындағы ашық әңгіме қаржы-шаруашылық қызмет, өндірістік мәселелер мен әлеуметтік кепілдіктерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді. Кәсіподақтар федерациясы екі жыл бұрын бастаған «Еңбек консультациялары» акциясы кейбір кәсіпорында еңбек даулары мен жанжалдарды болдырмауға мүмкіндік берді. Келіссөздер процесі - еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді тетігі, - деді ҚР КФ төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы