Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламент палаталарының бірлескен жалпы отырысында айтты.
Үкімет есебін талқылау кезінде Есеп комитеті бірқатар ескерту мен ұсыным берді. Солардың негізгілеріне түсіндірме беріп өтейін. Есеп комитеті Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферт сомалары ұлғайғанын атап өткен болатын. Әсіресе, қазіргі шығындардың қаржыландыруына ерекше назар аударған. Бірақ трансферттердің өсуі әлеуметтік міндеттемелерді, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру және пандемия жағдайында іскерлік белсенділікті қолдау қажеттілігімен байлансты болды, - деді ол.
Жамаубаев салалар бойынша қанша қаржы жұмсалғанын тізіп берді.
Мәселен, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге 632 млрд теңге, инфрақұрылымға 350 млрд теңге, өңірлерді дамытуға 140 млрд теңге және бизнесті қолдауға қосымша 60 млрд теңге жұмсалған. Мұның барлығы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталды, - деді Жамаубаев.
Министр атағандай, биылдан бастап кепілдендірілген трансферт көлемін анықтау контрциклдік бюджет қағидаларына негізделеді.
Жаңа тәсілдерге сәйкес Ұлттық қордан алынған қаражат мұнай секторынан түсетін қор кірістерінен аспайды. Бюджет шығысына да шектеу қабылданды. Бұл қордың жинақтау қызметін ныйғайта отырып, активтерді көбірек жинауға мүмкіндік береді , - деді ол.