Енді тергеушілер де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

7 Қазан 2020, 11:34
1581
Бөлісу:
Енді тергеушілер де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тергеу қызметкерлері қылмыстық араңдатушылық әрекеттері үшін 3 жылдан 12 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты.

Қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» деген 412-1-бап енгізіледі, ол тек парақорлықпен шектелмей, кез келген қылмысты қамтитын болады.

Оның айтуынша, жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның, кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында қылмыс жасауға көндірген заңсыз әрекеттері, қылмыстың арандатуына жатады.

Бұл заңсыз әрекеттердің зорлық-зомбылықпен не күш қолдану қатерімен ұштасқанына, мүліктің жойылуына немесе бүлінуіне әкеп соққанына, не адамның материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалана отырып жасалғанына, қылмыстық топтың мүдделерінде жасалғанына, не олар өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққанына қарай жаза тағайындалатын болады, - деді ол.

Жазаның ең төменгі шегі – жеті жылға дейін мерзімге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру.

Ең жоғарғы санкция – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру.

Өзгелердің жаңалығы