Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен Ректорлар кеңесі Тамыз кеңесінің отырысында магистратура мен докторантураға қабылдауға қатысты ұсыныстар енгізген болатын. Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін біз қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадық.
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
Министрдің айтуынша, енді магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі.
Яғни, магистратура мен докторантураға түсу емтихандары дәстүрлі түрде тамыз айында және қосымша желтоқсан айында ұйымдастырылады. Осы норма 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қараша айында басталады. Әлбетте, құжаттары мен емтихандарын тапсыруға, қажетті сертификаттарды алуға үлгермеген азаматтар үшін бұл жағымды жаңалық екен сөзсіз, - деді ол.
Сонымен қатар БҒМ басшысы жазғы қабылдау науқаны мен өткізілген емтихандардың қорытындысы бойынша магистратура мен докторантураға арналған білім беру гранттарының артық қалуына байланысты азаматтар осы жылдың желтоқсан айында мемлекеттік гранттарды иелене алатынын атап өтті.
Дайындық бағыттары бөлінісінде гранттардың саны мен құжаттарды қабылдаудың нақты мерзімдері туралы ақпарат қосымша жарияланатын болады.