Енді ит таластыруға және жануарларды жазықсыз өлтіруге тыйым салынады

11 Ақпан 2022, 15:15
2332
Бөлісу:
Енді ит таластыруға және жануарларды жазықсыз өлтіруге тыйым салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңы аясында иттерді төбелестіруге және жануарларды жазықсыз өлтіруге тыйым салынатынын айтты.

Үй және қаңғыбас жануарларға қарауды реттеумен қатар, әртүрлі санаттағы жануарларға бағытталған НҚА жобаларының блогы әзірленді, - деп айтты вице-министр.

Шалабекова ережелерге жеке тоқталып өтті:

  • жануарларды баспаналарда, зоологиялық қонақ үйлерде, уақытша ұстау пункттерінде, оңалту орталықтарында, зоологиялық питомниктерде, байланыс зоопарктерінде және жылжымалы менагерьлерде ұстау ережелері;
  • жануарларды мәдени ойын-сауық мақсаттарында пайдалану және оларды күтіп-ұстау ережелері;
  • жабайы жануарларды өздерінің мекендейтін ортасына қайтару мүмкін болмайтын еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау қағидалары;
  • еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын басқа да жануарларды азықтандыру үшін пайдаланылатын жануарлардың тізбесі;

Заңмен енгізілген Қоғамдық бақылау институтын ескере отырып, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізу, сондай-ақ жеке тұлғаларға қоғамдық инспекторлардың куәліктерін беру қағидаларының жобасы әзірленді. Қазіргі және болашақ ұрпақты тәрбиелеу туралы айтатын болсақ, заңда халықты жануарларға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру туралы ережелер қарастырылған, - деп толықтырды Экология министрлігінің өкілі.

Оның айтуынша, заң және әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер пакеті жануарларға қатысты иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды тоздырып, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейрімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды. 

2021 жылы 30 желтоқсанда Президент биылдың 2 наурызынан бастап күшіне енетін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойған болатын.

Өзгелердің жаңалығы