Енді ЭКО МӘМС пакеті есебінен жүргізіледі

28 Қазан 2020, 16:01
1639
Бөлісу:
Енді ЭКО МӘМС пакеті есебінен жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасының қолжетімділігі артты. 

Бұған дейін кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ғана жасалатын жоғары технологиялық қызметтің бұл түрі биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.

Жасанды ұрықтандыру – ұрпақ өрбітудің әлемде кең таралған әрі ең заманауи тәсілдерінің бірі. Дүниежүзінде 40 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан бұл әдіс Қазақстанда 1996 жылдан бастап қолданысқа енгізілген болатын. Бүгінгі күні еліміз бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру тәсілімен 22 мың бала дүниеге келді. Алды бүгінде ата-ана атанып та үлгерді. Ал бедеулікке байланысты тіркеуде тұрған әйелдер саны 9 мыңнан асады.

Филиал директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы 2010 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне енгізіліпті. Ал жыл басынан бері енгізілген МӘМС пакеті көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін бұл қызметтің қолжетімділігін арттырып отыр.

2020 жылы Алматы қаласы бойынша ЭКО процедураларына 527,3 млн теңге бөлінген. Оған 615 ұрықтандыру бағдарламасы жасалуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін 259 әйел аталған бағдарламаға қатысып үлгерді, - дейді филиал басшысы.

Биыл оңтүстік астана бойынша аталған бағдарламаға 5 медицина ұйымы қатысып жатыр. Олардың бәрі де Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен:

·       «Private clinic» ЖШС

·       «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ

·       «PERSONA» ЖШС

·       «Экомед» фирмасы» ЖШС

·       «ЭКО» орталығы» ЖШС

Экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі – әлемде белең алып жатқан бедеулік проблемасына қарсы күрестің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Ол әйелдер мен ерлерде кездесетін бедеуліктің кез келген түрін жеңіп шығуға мүмкіндік береді. Заманауи репродуктивтік технологиялар бала сүюден күдер үзген адамдарға үміт сыйлайтын кездері аз емес, - дейді дәрігер акушер-гинеколог, репродуктолог Анастасия Рыбина.

Айтуынша, осындай жандардың бірі квота кезегін 2 жыл күткен. 

Оған дейін бірнеше рет жасалған ұрықтандыру бағдарламасынан нәтиже шықпапты. Осы бағдарлама арқасында бойына бала біткен келіншек бүгінде ана болуға дайындалып жатыр, - дейді дәрігер.

Естеріңізге сала кетсек, квота бойынша ЭКО бағдарламасына қатысу үшін тіркелген емхана арқылы арнайы есепке тұру қажет. Тиісті көрсетілімдер болған жағдайда дәрігерлер квотаға кезекке қояды.

Өзгелердің жаңалығы