Қазақстанда антибиотиктерді дәрігердің рецептісіз сату деректері әлі де анықталып жатыр. Жыл басынан бері осындай заңбұзушылықтарға қатысты 38 хаттама толтырылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 8,2 миллион теңгеден асты.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомствоның Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, мұндай деректер Фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жүргізген тексерулер кезінде анықталған.
Министрлік өткен жылдардағы статистиканы да жариялады. Мәселен, 2023 жылы рецептсіз дәрі сату бойынша 3,5 миллион теңгеден астам сомаға 26 хаттама толтырылған. 2024 жылы 7,6 миллион теңгеден астам айыппұл салынған 45 дерек тіркелсе, 2025 жылы 9,5 миллион теңгеден астам сомаға 59 хаттама жасалған.
Қандай антибиотиктер рецептсіз сатылған?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәріханаларда рецептсіз сатуға жиі ұсынылатын антибиотиктердің қатарында «Азитромицин», «Цефтриаксон», «Цефазолин» және «Ципрофлоксацин» бар.
Ведомство мамандары антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау бактериялардың дәріге төзімділігін арттыратынын ескертеді. Соның салдарынан инфекцияны емдеу қиындап, препараттар бұрынғыдай әсер етпеуі мүмкін.
Дәрілерге электронды рецепт енгізіледі
Дәрі-дәрмектердің айналымын бақылауды күшейту үшін Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық экономиканы дамыту орталығымен бірлесіп, қауіптілігі жоғары дәрілерге міндетті электронды рецепт енгізіп жатыр.
Жаңа жүйе тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесімен байланыстырылады. Бұл дәрілік препараттардың айналымын бақылауға мүмкіндік береді.