Еңбекқор, саналы азаматты қалай тәрбиелейміз

19 Наурыз 2024, 09:03
6462
Бөлісу:
Еңбекқор, саналы азаматты қалай тәрбиелейміз
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

“Адал адам – адал еңбек – адал табыс” – озық әрі табысты елге айналудың басты кілті. Мұндай пікірді Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры, ф.ғ.к. Меруерт Медетбекова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Меруерт Медетбекова атап өткендей, қатарынан үшінші жыл өткізіліп отырған Ұлттық құрылтай биыл қасиетті Рамазан айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп, әз Наурыз қарсаңында тың серпіліс әкелді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел бірлігі мен ынтымағын паш ететін, қоғам құндылықтарын жаңғыртуға басымдық беретін құрылтайда маңызды қадамдарды атап өтіп қана қоймай, нақты тапсырмалар берді. Игі дәстүрге айналған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытауда, 2023 жылы киелі Түркістанда, ал үшінші отырысы тарихи өлке атанған Атырау облысында жалғасын тапты, - деді ол.

Мемлекет басшысы: “Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды” - деп атап өткені тегін емес. Біртұстас ел болып, ел бірегейлігі мен татулығын, ынтымағын сақтап, тәрбие тағылымын әр азамат өзінен бастау керектігін айқын көрсетті.

Осы орайда Президентіміздің былтырғы жылы Түркістанда өткен “Әділетті Қазақстан – адал азамат” атты Ұлттық құрылтай отырысында берілген тапсырмалардың орындалуы нақты нәтижеге бағытталып отырғанын келесідей мысалдардан көруге болады: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың “Әділетті Қазақстан – Адал азамат” атты екінші отырысындағы тапсырмасында, бала тәрбиесін күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты, Абайдың “Толық адам” ілімінен бастау алатын “Адал азамат” тұжырымдамасы шеңберінде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға негізделген “Біртұтас тәрбие бағдарламасы” бағдарламасы енгізілді, - деп атап өтті Тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры.

Бағдарлама ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады.

Бағдарламаның мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу.

Бағдарлама шеңберінде 6 477 мектепте “Ата-аналарды педагогикалық қолдау” орталығы ашылды. “Өр талапты, озық ойлы ұлан”, “Үнемді тұтыну”, “Жеткіншектің жеті жарғысы”, “Еңбегі адал жас өрен”, “Адал ұрпақ”, “Эковолонтер”, “Ұлттық мектеп лигасы”, “Ұлттық тамақтану мәдениеті” жобаларына 2 млн бала тартылды.

2 мыңнан астам оқыту семинарлары өткізіліп, 200 мыңнан астам мұғалім қатысты. Олар тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, сынып жетекшілері, кеңесшілер, кураторлар.

6 912 мектепте “Адал ұрпақ”, “Жеткіншектің жеті жарғысы”, “Еңбегі адал жас өрен”, “Үнем қоғам қуаты”, “Экологиялық мәдениет”, “Қоғамға қызмет” жобалар енгізілді. “Шахмат ойынына” 50 мыңнан астам оқушы, “Домбырашылар сайысына” 1 миллионнан астам оқушы, “Жасыл мекен” челленджіне 700 мың оқушы, “Физкультминуткаға” 2 млн-нан астам, “Әнұран айту” челленджіне 2 млн, “Асық ату” ойынына 2 млн астам оқушы бір мезетте қатысты.

“Біртұтас тәрбие бағдарламасы”

Жас ұрпақты тәрбиелеу, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін арттыру бойынша тапсырма аясында білім беру ұйымдарындағы тәрбие мазмұны анықталып, 2023-2026 оқу жылына арналған “Біртұтас тәрбие бағдарламасын” іске асыру жөніндегі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жоспары бекітілді. 2023 жылғы қыркүйек айынан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру, орта білім беру, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру оқу ұйымдарының оқу-тәрбие процесіне аталған жоспар енгізілді, - деді Тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.

Жоспарды іске асырудағы мақсат - білім алушыларда құндылықтарды қалыптастыру, ұлттық тәрбие, патриоттық тәрбие, зияткерлік тәрбие, салауатты өмір салтын тәрбиелеу, антибуллинг мәдениетін тәрбиелеу, экологиялық тәрбие, азаматтық сананы тәрбиелеу және кәсіп таңдау саласында тәрбиелеу. Білім беру процесі субъектілерінің бірлескен ынтымақтастығының тетігі, тұтас тәрбие процесін ұйымдастыру және іске асыру тетіктері, сондай-ақ барлық білім алушылардың тұлғалық даму және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру процесіне тартылуы айқындалды.

Тәрбие мәселелері бойынша бірлескен профилактикалық шаралар мен кешенді іс-шаралар мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен тұрақты өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық көзделіп отыр. Тәрбие жұмысын дамытудың әдістемелік ұсынымдары мен негізгі бағыттары “Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт” тақырыбында жаңа форматта республикалық тамыз кеңесінде қаралды, - деп түсіндірді Меруерт Медетбекова.

Педагогтерге әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында семинарлар ұйымдастырылып, әдіскерлер, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, тәрбие психологтары, әлеуметтік педагогтар қатысып, барлығы 7 мыңға жуық адам қамтылды.

“Балалар кітапханасы” бағдарламасын әзірлеуді және енгізуді бастау, қазақ әдебиетінің әртүрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптардың арнайы тізімін жасау бойынша 1 770 көркем әдебиеттер мектеп кітапханасы қорын ұлғайтты. Міне, бұл тәрбие бағытындағы атқарылған іс-шаралардың бір бөлігі ғана.

Ұлттық құрылтай: Тәрбие жайлы не айтылды?

ІІІ Ұлттық құрылтайдың “Адал адам – адал еңбек – адал табыс” атты үшінші отырысында берілген міндеттерді орындауда да ізгі сабақтастықпен жалғасын табар мақсат-міндеттер қойылды, - деді сарапшы.

Ол тәрбие бағытындағы осы нақты мақсат-міндеттерді орындау үшін әр тапсырмаға Ұлттық құрылтайда айтылған түпнұсқасында ұсынуды жөн көрдім:

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: “Ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз... Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысты қолдаймын... Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек” - деп атап көрсетті.

Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен “Egemen Qazaqstan” газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек.

Келесі мәселе. Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам.

Ұлы Абай “Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол” деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек.

Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Нашақорлық, “вейптердің” таралуына тосқауыл қою. Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату.

Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс.

Тағы бір кесел, бұл – вандализм.

Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды атап көрсетті:

Бірінші құндылық - тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет.

Екінші құндылық – бірлік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген.

Үшінші құндылық – әділдік және жауапкершілік. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің де, қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс. Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі. Мен мемлекет басшысы ретінде Әділетті Қазақстанды құруды өзімнің басты міндетім деп санаймын. Президент болып сайланған алғашқы күндерден бастап әділдік қағидасын қатаң ұстанып келемін. Бұл идея 2022 жылы қыркүйекте жарияланған Жолдауымда толыққанды тұжырымдама ретінде көрініс тапты. Осы орайда «әділдік» ұғымының саяси риторикада және тәжірибеде қолданылуы белгілі бір сын-қатерлер туындатып, азаматтарды шамадан тыс үміттендіріп, олардың билікке талабын күшейте түсуі мүмкін деген пікір бар. Меніңше, бұл әділдік ұғымының аясын тарылтады, жұрт оны игіліктер мен ресурстарды тең бөлу деп қана қабылдайды. Шын мәнінде, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар.

Төртінші құндылық – Заң және Тәртіп. Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек.

Әлемді шынымен өзгерткің келсе, өзгерісті қарапайым нәрседен баста деп бекер айтылмаған. Яғни, отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта.

Заң бар жерде, тәртіп бар. Көбінесе қиын сәттерде азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болады. Жақында Алматы қаласында жер сілкінгенде кейбір балабақшалар мен мектептердегі балалар ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті. Осыдан-ақ баланы балабақшадан және бастауыш сыныптан бастап тәртіпке баулудың қаншалықты маңызды екенін айқын көруге болады.

Бесініші құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. “Туған жерге туың тік” дейді халқымыз. өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені.

Алтыншы құндылық - жасампаздық және жаңашылдық. Бұл – өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз.

Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам “Адал азамат” деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.

“Адал адам – адал еңбек – адал табыс” – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.

Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет.

“Ұлттық құрылтай жұмысы жүйелі, маңызды қоғамдық институт ретінде қалыптасып, құрылтай мүшелері нағыз елдік мәселелерді көтеретін «біртұтас командаға» айналуға тиіс” - деп, сөзін қорытындылаған Президентіміз айтылған жаңа идеяларды басшылыққа ала отырып, алдағы уақытта да белсенді жұмысты жалғастыру туралы тапсырма берді.

Еңбекқор, саналы азаматты қалай тәрбиелейміз

Ерекше атап өткен “Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс” - деген тапсырмаға сәйкес, алдағы уақытта жалпыадамзаттық және ұлттық болмыс пен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға негізделген алты құндылықты басшылыққа ала келе, “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы шеңберіндегі “Ұлттық мүдде”, “Ар-ұят”, “Талап” құндылықтарымен сабақтастыра отырып, өскелең ұрпақ тәрбиесін жақсарту алгоритмін жасақтап, іске асыру бойынша жұмысымызды бастап кеттік, - деп сөзін қорытындылады Меруерт Медетбекова.

Өзгелердің жаңалығы