Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді - Президент

5 Қазан 2022, 11:20
717
Бөлісу:
Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді - Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Экология проблемасынан бөлек облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді. Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Президент ірі өндіруші компаниялардың қызметіне де тоқтала кетті.

«Мемлекет елімізде жұмыс істейтін барлық ірі өндіруші компаниялардың қызметін өте жіті бақылайды. Біз капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол бермейміз. Олардың түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруын қадағалап отырамыз.

Өндірісті жаңғырту үдерісіне, экологияны қорғау ісіне ерекше назар аударылады. Салық төлемақысы ерекше бақылауда. Егер ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бұл талаптарға сай келмесе, біз серіктестікті тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл – ешқандай қорқыту емес, керісінше бүкіл өркениетті әлемде қабылданған қарапайым, адал және әділ жұмыс ережелері.

Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті. Азаматтарымызға тиімді әрі әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін, ел экономикасында жетекші орындағы бизнес керек», - деді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы