Еңбек мобильділігі орталығы жұмыссыз қалдырмайды

23 Тамыз 2023, 12:03
1417
Бөлісу:
Еңбек мобильділігі орталығы жұмыссыз қалдырмайды
Фото: АҚКҚ

Елордадағы еңбек мобильділігі орталығының басты міндеті жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласы коммуникциялар қызметінде өткен брифинг барысында Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар мәлімдеді.

Мобильді орталық негізгі 9 бағыт бойынша жұмыс атқарады. Солардың бірі «Алғашқы жұмыс» бағыты. Яғни, колледж және ЖОО түлектерінің алғашқы жұмысын бастап, тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Тәжірибеден өткендерге ақы төленеді.

Жастар жұмыс істейді және 30 АЕК мөлшерінде жалақы алады. Тәжірибе 18 айдан аспайды және еңбек өтіліне есептеледі. Тәжірибеден кейін тұрақты жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 35 жасқа дейінгі 200-ден астам адам жұмысқа орналастырылды,-дейді Олжас Омар.

Ал, «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруға арналған. Кейін олар зейнетті демалысқа кететін әріптестерінің орнына жұмыс істеуге қалады. Тәжірибе алты айдан аспайды және ай сайын жалақысы төленіп тұрады. Одан бөлек, жастар, студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына оқудан бос уақытында ақылы қоғамдық жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.

Жастар 35 АЕК мөлшерінде тұрақты жалақы алып, бір жыл бойы жұмыс істей алады. Бағдарламаның арқасында 2000-нан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыз және жұмыс іздеп жүрген азаматтар enbek.kz электрондық еңбек биржасына тіркеле алады. Сондай-ақ мансап орталығына хабарласу керек,-дейді спикер.

Мансап орталығы халықтың әлеуметтік осал топтарына өз ісін ашуға да гранттар бөлген. Оған қатысу үшін арнайы порталға кіріп, өтінім қалдыру қажет.

Қатысушылардың өтініштері business.enbek.kz. порталында қабылданады. Қабылдау осы жылдың 11 қыркүйегінде басталады. Биыл барлығы 132 грант беру жоспарлануда, оның 66-сы іске асырылды. Грант қаражатына қажетті инвентарларды, құралдарды, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу мүмкіндігі бар,-дейді Олжас Омар.

Олжас Омардың айтуынша, елордада 5500-ден астам бос жұмыс орны бар. Орталықтың әлеуметтік желілердегі парақшасында күн сайын жаңа жұмыс орындары жаңартылып тұрады. Одан бөлек, мобильді орталықтың 50 жастан асқан тұрғындар үшін «Күміс жас» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама бойынша 780-ден астам адам жұмысқа орналасқан.

Еңбек мобильділігі орталығы үнемі бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін өткізіп тұрады. Кезекті жәрмеңке елордада 24 тамыз күні сағат 14.30-дан 17.00-ге дейін «Жастар сарайында» өтеді.

Өзгелердің жаңалығы