Еңбек инспекторлары 1,9 млрд теңге берешек анықтаған

31 Наурыз 2023, 12:52
719
Бөлісу:
Еңбек инспекторлары 1,9 млрд теңге берешек анықтаған
Фото: скрин

Жалақы бойынша берешек кәсіпорындарға апта сайын мониторинг жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету» тақырыбында өткен брифинг барысында Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтты.

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 241 кәсіпорнында 1,9 млрд теңгеден астам  берешек анықталған. Кәсіпорын басшыларына 241 ескерту беріліп, 31,6 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Нәтижесінде 1,3 млрд теңгеден астам берешегі төленген 8,1 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалған. 

Осы орайда  жұмыскерлерге жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында бірқатар шаралар қабылданады.

Сот орындаушылары борышкердің шоттары мен мүлкіне тыйым салады және оның шетелге шығуын шектейді. 2022 жылы 47 іс анықталған болса, осы жылы 14 іс анықталан, - деді спикер. 

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлердің жалақысын арттыру бойынша жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде өткен жылы 2,5 мың жұмыс беруші 5-тен 50%-ға дейін яғни 2 млн астам жұмыскердің жалақысын көтерді. Жыл басынан бері 1,7 мың жұмыс беруші 1 млн астам жұмыскердің жалақысын орта есеппен 12%-ға көтерген. 

Өзгелердің жаңалығы