Емтихан тапсыру үшін студенттерден ақша жинаған оқытушылар жауапқа тартылды

12 Наурыз 2021, 17:35
2922
Бөлісу:
Емтихан тапсыру үшін студенттерден ақша жинаған оқытушылар жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. AntikorNews алаңында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров студенттерден емтихан тапсыру үшін тұрақты түрде ақша жинау фактісі бойынша 4 оқытушы тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Тергеушінің сөзінше, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» туралы хабарламалар бақылауға алынады.

Оның барлығы жұртшылық пен Арнайы мониторинг топтарын тарта отырып, мұқият қаралады. Бұл ретте әкімдіктердің тиісті қызметтері, еңбек ұжымдары, ата-аналар комитеттері басшыларының қатысуымен бірлескен кеңестер өткізіледі, - деп атап өтті Бекайдаров.

Тергеуші мысалға келтіргендей, Шымкент қаласы бойынша департамент жүкті әйелдерді есепке қою үшін емханада 1 мың теңгеден, перзентханада туу туралы куәлікті беру үшін 2 мың теңгеден, университетте емтиханнан баға алу үшін белгілі бір ставкалар белгілеген ақшалай қаражатты алуды тоқтатты. 

Батыс Қазақстан облысының медициналық колледжінде студенттерден емтихан тапсыру үшін тұрақты түрде ақша жинау фактісі бойынша 4 оқытушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Семей қаласының БСМК-нің 2 дәрігеріне тегін компьютерлік томография жүргізу үшін мүгедектен ақша алғаны үшін «сөгіс» жариялады. Сонымен қатар, ШҚО Семей аймағы бойынша МКБ қызметкерлерінің араласуынан кейін мүгедекке ақшасы қайтарылды, - деп мәлімдеді ол брифингте.

Еске сала кетейік, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарға әкімшілік жаза тағайындау туралы сот үкімі немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген кезде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.

Өзгелердің жаңалығы