Емханада орта есеппен күніне 100 адам екпе алады – дәрігер

4 Қараша 2021, 22:46
793
Бөлісу:
Емханада орта есеппен күніне 100 адам екпе алады – дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан тұрғындарының басым бөлігі КВИ-ге қарсы вакцина алғанына қарамастан екпе алушылар қатары әлі де саябырсыған жоқ. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Елордалық №7 емхана дәрігерлерінің айтуынша, бүгінгі таңда COVID-19 вакцинасын негізінен медициналық рұқсаты бар науқас азаматтар, сондай-ақ оның тиімділігіне көз жеткізіп, вакцинаны алуға бел буған адамдар алады. Күніне орта есеппен 100 адам екпе алады.

Вакцинация әлі де жалғасып жатыр. Ниет білдіргендердің бәріне екпе саламыз. Біз аумақтық емханаға жататын адамдардың 88%-дан астамын вакцинацияладық. Сондай-ақ, емханаға тіркелмегендерді де қабылдап жатырмыз. Кеше 65 адамды бірінші компонентпен және 29 адамды екінші компонентпен вакцинацияладық. Екпе алушылар қатары қалың. Бүгін коронавируспен ауырып жазылған адамдар, сол сияқты медициналық рұқсат берілген уақыты аяқталған адамдар келеді. Сондай-ақ, вакцинацияға қарсы шыққандар да екпенің тиімділігін көбірек түсініп келіп жатыр, - деді №7 қалалық емхананың терапевті Әлия Өскенбекова.

Екпе алатындар жасы да өзгеріп тұрады. Оған 18 жастағылар да 60 жастан асқан егде жастағы кісілер де келеді.

Ұзақ шешім қабылдайтындардың бірімін десем де болады. Екпе алу туралы шешімге көптен бері келе алмай жүрдім. Бірақ бүгін екпе алуға бел будым. Туыстарым мен таныстарымның бәрі дерлік вакцинациядан өтті, - деді елорда тұрғыны Артем.

Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтанда КВИ вакцинасының бірінші компонентін 450 мыңнан астам азамат қабылдады, ал 416 мыңнан астам адам толық иммундаудан өтті.

Пандемиямен күресудің жалғыз тиімді әдісі – вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті дамыту. Екпе алғаннан кейін ғана қала тұрғындары өзінің және жақындарының денсаулығын қорғай алады.


Өзгелердің жаңалығы