Елжан Біртанов отандық өндірушілермен онлайн-кездесу өткізді

28 Сәуір 2020, 22:59
1145
Бөлісу:
Елжан Біртанов отандық өндірушілермен онлайн-кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов отандық өндірушілермен онлайн-кездесу өткізді.

Президенттің 2020 жылғы 27 сәуірдегі мәлімдемесіне сәйкес, Үкіметке Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен отандық фармацевтика және медицина салаларының бірігіп күш салуын талап ететін бірқатар тапсырмалар берілді. Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрі отандық өндірушілермен кездесіп, еліміздегі эпидемиялық жағдайға және вирустың болуы мүмкін екінші толқынын қоса есептегендегі жағдайға қажетті дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. 

COVID-19 пандемиясы дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды шет мемлекеттерден жеткізу барысында түрлі шектеулер мен қауіптерге әсер етіп отыр. Сондықтан отандық фармацевтика және медицина индустриясы алдында тұрған негізгі міндеттер - импортты алмастырумен қатар, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өндірістің тиісті көлемін қалыптастыру, дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету. 

Сондай-ақ, кездесу барысында ағымдағы проблемаларды шешудің оңтайландыру шаралары ретінде, отандық тауар өндірушілердің (ОТӨ) дәрі-дәрмектерін 2020 жылдың соңына дейін жедел сараптау, қолданыстағы GMP сертификаттарының мерзімін ұзарту, OTӨ бағаларын индекстеу мәселелері талқыға салынды.

Тез арада отандық тест-жүйелерінің өнеркәсіптік өндірісі мен қажетті медициналық құрылғылардың (оның ішінде жеке қорғаныс құралдарының) жеткілікті көлемін құру бойынша нақты қадамдар сөз болып, иммунобиологиялық препараттарды және COVID-19 вирусының алдын-алу мен емдеу барысында қолданылатын басқа да препараттарды өндірудің мүмкіндіктерін пайдалану шаралары ұсынылды. 

Кездесуде қатысушылар Денсаулық сақтау министрлігінің отандық фармацевтикалық және медициналық салалармен өзара іс-қимылды күшейтуі қажет екендігін айтты. Олардың пікірінше, бұл қадам елдегі фармацевтикалық өнеркәсіптің дамуына және импортқа тәуелділіктің жойылуына ықпал етеді. Сондай-ақ, мұндай шара  COVID-19 пандемиясының кез-келген сценарийіне қажетті дайындықты қамтамасыз етпек.

Өзгелердің жаңалығы