Елорданы спорттық кластері жақсы дамыған қала деп атауға болады – Көлгінов

26 Қыркүйек 2021, 13:50
15186
Бөлісу:
Елорданы спорттық кластері жақсы дамыған қала деп атауға болады – Көлгінов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Astana Marathon – әуесқой желаяқтар мен спортпен шұғылданатындар арасында танымал шара. Қала тұрғындарына арнап спорттық іс-шараны ұйымдастырып жатқанымызға қуанамыз. Себебі екпе алған тұрғындардың саны артып, қала қалыпты өмір ырғағына оралып жатыр, деп жазды Facebook-тегі парақшасында қала әкімі Алтай Көлгінов.


Жарысқа вакцина алған тұрғындар қатысты. Жүгіру аумағына Ashyq жобасы енгізілді.
Марафонға жастардың да, ересек тұрғындардың да қатысқаны қуантады. Қатысушылар арасында рухы мықты жандар – ерекше қажеттілігі бар тұрғындарымыз, шетелден келген қонақтар және алғаш рет қатысқандар. Astana Marathon-2021 екі қашықтық бойынша өтеді: 42.2 км және 10 км. Қазіргі марафон 2019 жылы World Athletics ұйымы берген «қола» статусына ие.

Марафонда ең бастысы мәреге бірінші болып келу емес, іс-шараның өзінен ләззат алу. Өйткені, жүгіру және үнемі спортпен шұғылдану денсаулыққа оң әсер етіп, иммундық жүйені нығайтады. Әрбір қатысушы – жеңімпаз, өйткені табандылық пен жаттығудың арқасында кедергілерді еңсере алды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлеміз: қала тұрғындарының түрлі спортпен шұғылдануы үшін тиісті спорттық инфрақұрылымдар ашып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне қолдау көрсетіп жатырмыз. Елорданы спорттық кластері жақсы дамыған қала деп атауға болады, - деп жазды Көлгінов.

Astana Marathon-2021 - қайырымдылық шара. Биыл жиналған қаражат ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жабдықтар сатып алуға жұмсалады. Бұған дейін Astana Marathon ұйымдастырушылары қайырымдылық ұйымдары үшін 37 млн теңгеден астам қаражат жинады.



Өзгелердің жаңалығы