Елордалық полицейлер бульдозердің мас жүргізушісін ұстады

29 Қаңтар 2022, 19:08
1480
Бөлісу:
Елордалық полицейлер бульдозердің мас жүргізушісін ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күндізгі уақытта әл-Фараби көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзып келе жатқан бульдозер жүргізушісін тоқтатты, деп хабарлады қалалық Полиция департаменті.

Тексеру кезінде ер адамнан алкогольдің иісі шыққан. Сонымен қатар, 59 жастағы жүргізуші 2019 жылы мас күйінде көлік жүргізгені үшін 3 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Куәландыруға келгеннен кейін алкогольді ішкені анықталды. Медициналық қорытындыға сәйкес, жүргізуші орташа дәрежеде мас болған. Күдіктіге қатысты ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бульдозер коммуналдық тұраққа қойылды. Қазіргі уақытта анықтау жұмыстары жүргізілуде. Заңнамаға сәйкес жүргізушіге 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынып, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - делінген ақпаратта.

Елордада 19 қаңтардан бастап қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Осы кезеңде 132 қылмыс тіркеліп, оның ішінде 95 қылмыс ашылды.

4 мыңнан астам әкімшілік бұзушылық анықталды, ұсақ бұзақылық фактілері бойынша 548-тен астам азамат және қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкені үшін 1 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 45 жүргізуші ұсталды.

 

Өзгелердің жаңалығы