Елордалық дәрігерлер елімізде алғаш рет өте сирек кездесетін дертке ота жасады

16 Ақпан 2024, 08:24
476
Бөлісу:
Елордалық дәрігерлер елімізде алғаш рет өте сирек кездесетін дертке ота жасады
Фото: BAQ.KZ архив

Елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлері өте сирек кездесетін дертке ұшыраған тұрғынға ағза ауыстыру отасын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, миелопролиферативті неоплазия тобына жататын ілкі миелофиброз деп аталатын дерт миллионның бірінде ғана кездеседі. Бұл дерт – сүйек кемігінің ісік ауруы, фиброзды тін сүйек кемігіндегі қан түзетін дің жасушаларының орнын басып, сол арқылы қандағы сау жасушалардың бөлінуін бұзады.

50 жастағы пациентке жасалған аллогенді трансплантациялық ота Қазақстанда алғаш рет жасалып отыр. Яғни науқастың ағасынан алынған донорлық сүйек кемігін оған ауыстырып салдық. Ота сәтті өтті деуге толықтай негіз бар. Қазіргі уақытта толықтай донорлық химеризмге қол жеткізіліп, қандағы көрсеткіштер біртіндеп қалыпқа келе бастады, - дейді орталықтың онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі Рузаль Вильданова.

Қатерлі ісік ауруларына жататын дертке статистика бойынша орта есеппен 65 жастағылар шалдығады. Дегенмен дәрігерлер кейінгі уақытта жастардың арасында да кездесіп отырғанын айтты.

Дерттің емі – сүйек кемігін трансплантациялау арқылы консервативті ем қолдану. Осылайша, аурудың асқынуының алдын алып, ісіктің ұлғаюын болдырмауға болады.

Сондай-ақ дәрігерлер аурудың белгілеріне көкбауырдың ұлғаюы, гемоглобиннің төмендеуі, яғни анемия, сүйектердің қақсауы, қанауға бейімдік, тромбоз, қышыну мен инфекциялар жататынын ескертті.

Миелофиброзды толықтай емдеуге бола ма деген сұраққа келсек. Қазіргі уақытт миелофиброзды толықтай емдейтін дәрі жоқтың қасы. Алайда консервативті терапия мен таргеттік препараттар арқылы сүйек кемігінің қызметін жақсартуға мүмкіндік бар, - деп атап өтті Рузаль Вильданова.

Өзгелердің жаңалығы