Елордада 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды

27 Қараша 2019, 23:14
4552
Бөлісу:
Елордада 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Биыл жыл басынан бері қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына 18 мың адам жүгініп, оның 10 мыңы жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс берушілермен бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді жинау және бос жұмыс орындарын "Еңбек биржасы" интернет-порталы арқылы жеке кабинеттерінде толтыру,  халықты жұмыспен қамту саласындағы заңнаманы түсіндіру бойынша үнемі жұмыс жүргізуде.  

Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде бүгінгі күні халықты жұмыспен қамту орталығымен қаланың 18 941 жұмыс берушісі жұмыс істейді, оның ішінде 6 000-нан астам жұмыс беруші электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, электрондық еңбек биржасында жұмысқа қосылған.

Орталық мамандарының мәліметінше, жыл басынан бастап 80 000-нан астам бос жұмыс орыны туралы мәлімет беріліп, оның 95%-ын жұмыс берушілер өз беттерінше орналастырған. Ал 100 000 теңгеден жоғары еңбекақысы бар бос жұмыс орындардың 49%-ын жұмыс берушілер жеке кабинет арқылы "Еңбек биржасы" интернет-порталында  орналастырды.

2019 жылдың басынан бастап елордалық жұмыспен қамту орталығына 18 000-ға жуық адам жүгініп, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 11586 адам қамтылған (62,2%). 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді курстарға 1119 адам жіберілді және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беруге 889 бизнес-жоба мақұлданды, - делінген хабарламада.

Әкімдік те өз тарапынан жұмысқа орналасуға мұқтаж азаматтарды көбірек қамту және оларды жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту үшін шаралар қабылдауда. Сол ретте қазіргі таңда қалалық 6 бос орындар жәрмеңкесі және 15 шағын бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда жұмыс берушінің ең өзекті бос жұмыс орындары келесідей: мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман, кассир, сатушы, сату жөніндегі менеджер, тігінші, даяшы, наубайшы, аспазшы, күзетші, полиция қызметкері, ТЖ қызметкері, фармацевт, дәрігер, медициналық бике, бастауыш сынып мұғалімі, мектепке дейінгі білім беру тәрбиешісі, халыққа қызмет көрсету жөніндегі қызметкер, "Д" санатындағы автобус жүргізушісі, жүк көлігінің жүргізушісі, құрылыс жұмыстары жөніндегі инженер, дәнекерлеуші, монтажшы, электрик, тас қалаушы, қосалқы жұмысшы және т.б.

Ал ізденушілердің арасында бүгінгі таңда ең сұранысқа ие мамандықтар қатарына заңгер, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, эколог, есепші, "В" санаты бар жүргізуші, механик, іс-жүргізуші, журналист, кеңсе-менеджері, әкімші, вахтер, әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бастығы, қаржыгер, жабдықтаушы, тамақ өнеркәсібінің технологы жатады.

Өзгелердің жаңалығы