Елордадан бір күнде 34 мың текше метрден аса қар шығарылды

26 Қаңтар 2024, 23:02
399
Бөлісу:
Елордадан бір күнде 34 мың текше метрден аса қар шығарылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Елордада қалың қар жауған жағдайда коммуналдық қызметі қаланы қардан тазартып, тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, түнгі ауысымға 1000-нан аса арнайы техника мен 200-ден аса жол жұмысшылары жұмылдырылды. Тротуар, аялдама, жер асты өткелдері сияқты көпшілікке арналған орындар қардан тазартылуда.

Бір күн ішінде коммуналдық қызметтер Астанадан 34 мың текше метрден аса қар шығарып, 2 681 ауыр жүк рейсін жасады.

Қыс мезгілінің басынан бері қар полигондарына 217 010 рейспен 3 млн текше метрге жуық қар шығарылды.

«Қазгидромет» деректері бойынша Астанада 27 қаңтарда күн бұлтты, арасында қар жауып, боран болады деп күтілуде. Оңтүстік-батыстан соққан жел екпіні күндіз 9-14, түнде 15-20 м / с. Ауа температурасы түнде -15-17, күндіз -13-15 аяз болады.

Өзгелердің жаңалығы