Елордадағы «Жанұя» орталығы 91 тұрғынға психологиялық көмек көрсеткен

18 Сәуір 2023, 12:03
1129
Бөлісу:
Елордадағы «Жанұя» орталығы 91 тұрғынға психологиялық көмек көрсеткен
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Астанадағы «Жанұя» орталығының қызметкерлері жыл басынан бері 273 отбасыны тұрғылықты мекенжайы бойынша аралап, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілішісі.

Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директоры Бахтияр Айтпаев мәлімдеді.

2022 жыл және 2023 жылғы 1 тоқсан қорытындысы бойынша бөлім мамандары 273 отбасыны тұрғылықты мекенжайы бойынша аралап, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, шешілмей жүрген әлеуметтік мәселелерін жазып алды, - дейді спикер.

«Жанұя» орталығының қызметкерлері өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, аз қамтылған, жағдайы төмен отбасылар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істейді.

Азаматтардың негізгі өзекті мәселелері атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру бойынша, денсаулық сақтау, тұрмыстық жағдайын жақсарту. Орталыққа бір отбасында бірнеше мәселелер бойынша жағдайлар тіркелген. Жалпы, әлеуметтік қорғау бойынша 202, тұрғын үй мәселелері 66, Денсаулық сақтау мәселелер бойынша 29, білім беру мәселелері бойынша 45 сұрақ түскен.

Одан бөлек балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қоюға 40, мектепке дейінгі мекемелерге жолдама алуға 13, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін кезекке қоюға өтінімді ресімдеуде 24,толық медициналық тексеруден өтуге 7 рет көмек көрсетілген.

Жыл басынан бері өтініштерді талдау бойынша Орталық психологиялық көмекке жүгінген 91 елорда тұрғынына көмек көрсетілді. Жыл басынан бері Орталыққа заңгерлік кеңес алу үшін 142 азамат жүгінген, - дейді Бахтияр Айтпаев.

Одан бөлек қоғамдық және қайырымдылық қорларымен, сондай-ақ жеке тұлғалармен бірлесіп, 326 отбасына азық-түлік себеттері мен тұрмыстық химия жиынтықтары таратылған.

Өзгелердің жаңалығы