Елордада өрт сөндіретін жаңа депо салынады

15 Мамыр 2019, 11:57
1954
Бөлісу:
Елордада өрт сөндіретін жаңа депо салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаланың солтүстік бөлігінде Байқоңыр ауданындағы №69 және С369 көшелерінің қиылысында өрт сөндіру және жедел әрекет ету мақсатында төрт қабатты өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Елорданың құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше, нысанды қыркүйек айында тапсыру жоспарланып отыр. Өрт сөндіру депосы ғимаратының үй-жайларын жоспарлау кезекші ауысым жеке құрамының дабылы бойынша кедергісіз қозғалысты қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, өрт сөндіру бөлімшелерін жедел жинау үшін кезекші ауысымдардың демалыс орны автомобиль паркінің жанында, яғни бірінші қабатта орналасады. 

Жаңа депоның бірінші қабатына диспетчерлік байланыс торабын, персоналға арналған бөлмені, киім мен өрт жеңдерін кептіруге арналған үй-жайды, сондай-ақ шеберхананы орналастыру жоспарланған. Аккумулятор тамбуры бар жеке үй-жай да қарастырылған. Ас ішуге арналған бөлме екінші қабатта орналасады. Сондай-ақ, кезекші ауысымдарға арналған киімдер ілінеді. Үшінші қабатта жеке аймаққа бөлінген 40 орындық жатақхана, кеңес залы, психологиялық жеңілдеу бөлмесі бар спорт залы, оқу сыныбы, жол қозғалысы қауіпсіздігі кабинеті, инспекторлар кабинеті және халыққа нұсқаулық бөлмесі қарастырылған. Депоның төртінші қабаты қызметкерлерге арналған пәтер ретінде пайдаланылмақ. 

Жертөледе қоймалар, газ түтін қызметі бекеті, желдеткіш камералар орналасады. 

Жаңа депо учаскесінде 50 м3 өрт сөндіру резервуары және автокөлік тұрағына арналған алаңы бар өрт гидранты, екі резервуары бар екі бағанаға АЖҚС, оқу мұнарасы бар алаң, кедергілері бар 100 метрлік жолаққа арналған алаң, әмбебап алаң, сондай-ақ демалуға және шаруашылыққа арналған алаң орналасатын болады. 

Өрт сөндіру депосының құрылысына барлығы 91 адам жұмылдырылды. Қазіргі уақытта қалалық ортаны регенерациялау басқармасы үш өрт сөндіру депосын, оның ішінде №28 көшеде, «Көктал» тұрғын алабы мен «Үркер» тұрғын алабында жобалауды бастайды. Жаңа деполардың құрылысы 2020 жылға жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы