Елордада Зәки Ахметовтің шығармашылық мұрасы талқыланды

4 Мамыр 2023, 19:45
965
Бөлісу:
Елордада Зәки Ахметовтің шығармашылық мұрасы талқыланды
Фото: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көрнекті ғалым «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Зәки Ахметовтің туғанына 95 жыл толуына арналған іс-шара аясында белгілі әдебиеттанушының үш томдық еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Конференцияға отандық, жақын және алыс шетелдерден ғалымдар, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты. ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Онда Зәки Ахметовтің қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті әдебиет теоретигі екені көрсетілген.

ЕҰУ ректоры конференцияға қатысушылардың назарын академик еңбектерінің құндылығына аударды. «Қазақтың өлең құрылысы» монографиясы тек қазақ әдебиеттанушылары үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін ауқымды зерттеу болғанын атап өтті.

Елордада Зәки Ахметовтің шығармашылық мұрасы талқыланды

Қазақ өлеңінің құрылысын кешенді түрде зерделеген іргелі еңбегі арқылы қазақ әдебиеттануы ғылымының жаңа бір белесін қалыптастырды. Ұлттық әдебиеттану әлемінде Зәки Ахметов есімінің өлең сөздің теориясы ұғымымен қатар айтылуы дәстүрге айналды. Оның зерттеу еңбектері әдебиеттану ғылымы үшін маңызын жоғалтпайтын қымбат жәдігерлікке айналды. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған конференцияның халықаралық деңгейде өткізілуінің өзі ғалым-ұстаздың биік тұлғасын, оған деген елінің құрметін аңғартады деп білеміз, - деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Халықаралық конференцияға қатысушылар әдебиетті зерттеудің жаңа теориялық-әдіснамалық негіздерін және академиктің еңбектерін, әлемдік көркем мәдениет контекстіндегі түркі халықтарының әдебиеттану және фольклористикасын, қазіргі заманғы цифрлық технологиялар бойынша білім беру жүйесінде әдебиет пен тілді оқытудың әдістемелік аспектілерін талқылады.

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы Зәки Ахметовтің алғашқы зерттеу тақырыбы Абай мен Лермонтовқа, екіншісі қазақ өлең құрылысына арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, белгілі ғалым әлемге қазақ әдебиетінің бірегейлігін көрсеткендердің бірі.

Елордада Зәки Ахметовтің шығармашылық мұрасы талқыланды

«Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли белгілі әдебиеттанушы Зәки Ахметов Абайтану мен Әуезовтану ғылымын жаңа арнаға көтергенін атап өтті.

Ол бәрімізге ұрпақтан-ұрпаққа берілетін бай мұра қалдырды. Өйткені, өскелең ұрпақты ғылым тәрбиелейді, ал ғылымды ғалымдар жасайды, - деді ол.

Конференция аясында Зәки Ахметовтің үш томдық еңбектерінің тұсаукесері өтті. Кітаптардың құрастырушысы – Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Мақпал Оразбек.

Бірінші томға Зәки Ахметовтің 1951 жылы белгілі түрколог Сергей Моловтың басшылығымен қорғаған «Абай және Лермонтов» атты алғашқы зерттеуі кірді. Бұл еңбекте екі ақынның шығармашылығына салыстырмалы талдау бар. Екінші томда үлкен іргелі зерттеуге айналған «Қазақтың өлең құрылысы» ұсынылған. Белгілі түркі және басқа да әлемдік ғалымдар бұл жұмысты жоғары бағалады. Қазір аталған зерттеу еңбегі әлемдегі ең үздік кітапханаларда ұсынылған. Үшінші томға ғалым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын зерттеуге арналған жұмысы енді. Бұрын соңды қазақ әдебиетінде Абай жолы роман-эпопеясын жазушының лабораториясына кіріп, жазылу тарихына дейін түбегейлі зерттеу еңбегі бұған дейін болған емес, - деп атап өтті Мақпал Оразбек.

Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің профессоры Узок Жоракулов академик Зәки Ахметовті түркі халқына ортақ зиялылардың бірі екендігін атап өтті.

Зәки Ахметовтің шығармашылық мұрасы оның ғылыми қамтылуының кеңдігімен, теориялық-әдіснамалық негіздердің беріктігімен, бірегейлігімен шектелмейді. Ғалымның он екі дербес ғылыми тақырыпқа арналған монографиялары, үш жүзден астам ғылыми еңбегі мұра болып қалды. Зәки Ахметовтің қазақ ұлттық әдебиеті теориясы, оның әдебиеттану әдіснамасы жөніндегі еңбегі өзінің концептуалдық сипатымен жалпы түркі әдебиеттануының дамуына орасан зор үлес қосты, - деп атап өтті ғалым.

Конференция барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Шәкір Ибраев Зәки Ахметов ғылымның теориялық талаптарын жоғары көтеріп, аналитикалық талдаудың категориялық тұжырымдамаларын негізге алып, зерттеулердің жүйелі академиялық бағытын ұстанғанын жеткізді.

Сіз қалай айтсаңыз да, қай жағынан қарасаңыз да, әдебиеттану іргелі ғылымның көздеріне жетелейді. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттануының академиялық сипаттамасын Зәки Ахметовтің еңбектерінсіз елестету мүмкін емес, -деп толықтырды филолог.

Сондай-ақ конференцияда Зәки Ахметовтің белгілі іргелі еңбектерінен тұратын кітап көрмесі ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы