Елордада тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін 849 адам жауапкершілікке тартылды

10 Маусым 2021, 12:32
2183
Бөлісу:
Елордада тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін 849 адам жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы әкімдіктің тікелей эфирінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің жетекшісі Гүлмира Шрахметова айтты.

Әйелдердің құқықтарын қорғау мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

5 айдың қорытындысы бойынша қылмыстардың 37,1%-ға төмендеуін байқап отырмыз. Қылмыстардың төмендеуі, олардың ашылуы жақсарды. Алдын алу жұмыстарын күшейту нәтижесінде былтырғы мерзіммен салыстырғанда мас күйінде 37,7%-ға, адамдар тобында 36,4%-ға қылмыстар төмендеді, - деп атап өтті ол.

Айтуынша, 10 мың тұрғынға шаққанда қылмыс деңгейі 40,2%-ға төмендеді.

Пандемия жағдайында халықтың өмір сүру салты өзгергенін білеміз. Әлеуметтік байланыстардың төмендеуі, қаржылық жағдайдың нашарлауы адамдардың психологиялық күйіне кері әсер етпей қоймады. Ішкілікке салыну, соның ішінде нашақорлыққа немесе маскүнемдікке салынып, отбасылық және тұлғааралық қақтығыстар туындады, - деп айтты Гүлмира Шрахметова.
Оның айтуынша, 1 081 маскүнем, 400 нашақор, 3 388 отбасылық жанжалға қатысқан адамдардың профилактикасына назар аударылды. Алкоголизмнен 188 адам, нашақорлықтан 72 адам есепке алынып, олармен жұмыстар жүргізілді. Тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін 849 адам жауапкершілікке тартылды.

Жәбірленушілерді қорғау үшін 3 388 қорғау нұсқамасы шығарылды.

Әйелдер, балалар қорғау нұсқамасының бар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Отбасы мүшесі тұрмыстық салада құқық бұзушылыққа тап болса немесе оның куәгері болса, онда шұғыл 102 нөміріне қоңырау шалып, қорғау нұсқамасын шығарып беруге ұсыныс бере алады. Қорғау нұсқамаларының талаптарын бұзған жағдайда «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық» Кодексінің 461-бабы бойынша 152 адам, яғни отбасылық жанжал шығарғандар жауапкершілікке тартылды, - деп атап өтті ол брифингте.

Отбасылық жанжалдар бойынша 102 арнасына келіп түскен қоңырауларды пысықтау оңтайландырылды.

Айтуынша, 102-ге түскен қоңырауға тікелей учаскелік полиция инспекторы барып, процессуалдық шешім шығарып, жағдайға құқықтық баға беруге атсалысады.

Өзгелердің жаңалығы