Елордада шала салынған мектеп құрылысы қайта жанданды

28 Қазан 2021, 22:25
183808
Бөлісу:
Елордада шала салынған мектеп құрылысы қайта жанданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астана әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында құрылысы тоқтап тұрған мектептің жұмысы қайта басталғанын жазды.

Елорда аудандарын әлеуметтік нысандармен біркелкі қамтамасыз ету үшін учаскелерді алдын ала резервке қоямыз: жобалау-сметалық құжаттаманы дайындаймыз, құрылыстың барысы мен сапасын бақылаймыз. Аралау кезінде бірқатар қажетті шара қабылданған проблемалық нысандардың құрылысымен таныстық – деп жазды ол.

Ол Есіл ауданында (Ұлы Дала даңғылы мен №39 көшенің қиылысы) орналасқан мектепке барды.

Оқу орнының құрылысы үш жыл бұрын басталған. Бірақ жосықсыз құрылысшы өз міндеттерін орындаған жоқ. Онымен жасалған келісімшартты бұздық, бұл бізге мектеп құрылысын жандандыруға мүмкіндік берді. Осы мектепті келесі жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл мектеп екі ауысымда 2400 оқушы орнын құруға мүмкіндік береді – деді Алтай Көлгінов.

Осыған ұқсас мәселе Сарыарқа ауданында (Оқжетпес-Бөкеев көшесінің қиылысы) орналасқан тағы бір мектепте де болды.

Бұл мектептің құрылысы 5 жыл бұрын басталған. Құрылыс барысы қайта қолға алынды. Сондай-ақ, №59 мектеп-лицейінің жүктемесін ескере отырып, қосымша жаңа корпус саламыз, бұл осы мектептің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, алдағы оқу жылы басталар алдында оқу орындарын ашу үшін қазірден дайындық жүріп жатыр. 2022 жылы тағы да 15 мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Кешенді жоспар аясында бес жыл ішінде 70-ке жуық мектеп салу жоспарланып отыр. Мектеп құрылысына да жеке инвестиция тартамыз – деді ол.

Ол оқу орындарының құрылысымен қатар, қолданыстағы оқу орындарына назар аударатынын айтты.

25-тен астам білім беру нысаны (мектептер, балабақшалар, колледждер) жөнделді, сонымен қатар оқу орындарының материалдық-техникалық жабдықталуына, әсіресе инклюзивті білім беру үшін жағдай жасауға ерекше назар аударамыз, - деп жазды елорда әкімі.
Өзгелердің жаңалығы