Елордада санитарлық талаптарды бұзған нысандар анықталды

29 Қазан 2020, 11:38
1533
Бөлісу:
Елордада санитарлық талаптарды бұзған нысандар анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметi басқармасының бастығы Госман Жакин Нұр-Сұлтан қаласында каратин талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған рейдтердің қорытындылары туралы онлайн брифингте айтты. 

Биылғы 27 қазаннан бастап карантин режимін сақтау бойынша бірқатар қосымша шектеу енгізілді. Елордалық полиция санитарлық нормаларды бұзу деректері бойынша күн сайын рейдтік шараларды жүргізіп жатыр. Ойын-сауық, сауда орындарына ерекше назар аударылады. Мобильдік топ құрамында әкімдік мүшелері мен полиция, санитарлық қызмет, еріктілер бар. Олар күн сайын карантин шараларын бұзғандарды анықтап, жауапқа тартады. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан кейбір ойын-сауық мекемелері санитарлық талапты бұзып жатады, - деді ол. 

Жакин соңғы аптада санитарлық-эпидемиологиялық тәртіпті бұзған нысандарды атап өтті. 

Мәселен, 21 қазанда мобильдік топ Манас көшесі бойындағы кафені анықтады. Олар жұмыс күні мен демалыс күндеріндегі жұмыс уақытының тәртібін сақтамаған. Осы күні Манас көшесіндегі тағы бір кафе уақыт шектеуін ескермей жұмыс істеген. 24 қазанда Майлин көшесіндегі караоке-бардың жұмыс істеп тұрғаны анықталды, - деді ол. 

Ол елорда мейрамханаларында мерекелік шаралар өткізетіндер де табылғанын айтты. 

24 қазанда Тұран даңғылындағы мейрамханада екі шара, қыз ұзату мен туған күнді тойланып жатқан. Талапты бұзғандарға қатысты барлық материал тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне әкімшілік жаза тағайындау үшін бағытталады. Осы орайда тұрғындарды санитарлық талапты сақтауға шақырамыз, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы