Елордада Республика күніне орай бәйге өтті

26 Қазан 2022, 08:23
1509
Бөлісу:
Елордада Республика күніне орай бәйге өтті

Астана қаласындағы «Қазанат» атшабарында Республика күніне арналған және «Арғымақ» ат сауықтыру кешенінің ашылуына орай бәйге түрлерінен жарыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Берікұлы, Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов Ермекұлы және Ұлттық және ат спортының директоры Бағдаулет Сәбитов Маратұлы қатысып шабандозшыларға сәттілік тіледі. 

Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрімізді дәріптеуге арналған бәйге жарысы Астана ауқымында жиі өткізіліп тұрады. Бұл бәйге биылғы бәйге маусымының Астана қаласындағы қорытынды  шарасы болып табылады. Бүгінгі дүбірлі аламан бәйгеге еліміздің барлық өңірінен шабандоздар қатысуда. Аламан бәйге ұлтымыздың рухын асқақтатып, мерейін асыра түседі деп сенемін. Ұлы даланы дүбірімен шулататын, жігіттеріміздің жігерін сынайтын, қазанаттарымыз қажыр-күшін көрсететін бәйгеде баршаңызға тек сәттілік пен жеңіс тілеймін, - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен. 

Бәйгенің топ, аламан түрлерінен сынға түсуге еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Абай және Жетісу облысы қатарлы өңірлерден 70-ке тарта өңшең саңлақ, шашасына шаң тимес сылаңторылар жиналды. Бәйге жарысына тақымын қысып келген көрермендер 14 шақырымдық топ бәйге мен 20 шақырымдық аламан бәйгені тамашалады.

Өр Алтай мен Атырау арасын, Арқа мен Алатауын бауырына сыйдырған Ұлы дала шабандозшылардың сайысын көруге көрермендердің де қарасы көп болды.

Қазақ үшін ат бәйгесінен қызық не бар? Бәйгені тамашалаған адамның жаны жадырап, бір серпіліп дем алып қалады. Демалыстың төресі осы ат шаптырып, аламанға ұран қосу. Сонау алыстан ат сабылтып республика күніне арналған бәйге жарысының сәнін кіргізе келген сіздерге мың да бір рахмет, ағайын. Сіздер осы жанкүйерліктеріңізбен дәстүрімізді дамытасыздар, осы қолдауларыңызбен талай қазақ баласының атқа деген, жүйрікке деген махаббатын оятасыздар, - деді ұлттық және ат спортының директоры Бағдаулет Сәбитов. 

Жарыстың қорытындысы бойынша аламан бәйгенің бас жүлдесін «Айбар» лақап атымен жылқысын ерттеген Алматы облысының шабандозы Арнат Мұратхан жеңіп алды. Екінші орын павлодарлық Асхат Рақымжановқа (сайыс аты «Червонец») бұйырса, үздік үштікті Түркістан облысының шабандозы Арнұр Саматұлы (сәйгүліктің аты «Ботагөз») қорытындылады.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен марапатталды, ал марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін көрермендер үшін тұрмыстық техникамен жүлде ретінде лотерея ұйымдастырылды.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық спорт басқармасымен Астана қаласының ұлттық және олимпиадалық ат спортты түрлерінің Федерациясының ұйымдастыруымен өткен бәйге сайысының жалпы жүлде қоры – 17 000 000 теңгені құрады.

Өзгелердің жаңалығы