Елордада отбасы тәрбиесіне арналған сынып сағаттары өтті

25 Қазан 2019, 17:37
8771
Бөлісу:
Елордада отбасы тәрбиесіне арналған сынып сағаттары өтті
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру аясында бүгін республиканың барлық мектептерінде "Отбасы – тәрбие басы, мектеп – тәрбие жаршысы" атты тақырыпта бірыңғай сынып сағаты өтті.

Шара бала құқықтары туралы конвенцияның БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылдануының 30 жылдығы, Қазақстан Республикасында ратификациялануының 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

от.jpg

Сабақтың мақсаты – отбасы тәрбиесі мәселелерін талқылау, оқушылардың отбасы туралы білімдерін кеңейтуге ықпал ету, отбасының әрбір адамның өміріндегі маңыздылығын анықтау, баланың жеке тұлғасын қалыптастырудағы отбасының рөлін және оның патриоттық дүниетанымын арттыру.

№38 мектеп-лецейінде өткен шарада оқушыларға отбасы құндылықтары түсіндіріліп, баланың жеке тұлға ретіндегі дамуына көңіл бөлінді. Мектеп ұзстаздары бұл шара ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға зор ықпал ететінін айтады.

"Біздің мектепте отбасылармен тығыз байланыс орнатылған. Біраз мәселені ата-анамен бірлесе, ақылдаса отырып шешеміз. Өйткені тәрбие бастауы отбасында екені белгілі ғой. Бүгін көп ата-ана уақытын бөліп, мектепке келіп, сынып сағаты мен тренингтерге қатысты. Бұл үлкен жауапкершіліктің белгісі", - деді мектеп директоры Кәмилә Кәрімбердіқызы.
от5.jpg

Арнайы тренигте ата-аналар жоғары белсенділік танытты.

"Отбасына байланысты "Отбасы-тәрбие бастауы" деген тақырыпта ата-аналармен тренинг өтіп жатыр. Оның мақсаты ата-ана мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, бала бойындағы қасиеттерді тануға көмектесу. Ата-анаға тиісті тапсырмалар беріліп, жауаптар алынды. Ата-аналар өте белсенді", - деді №38 мектеп-лицейдің психолог-педагогы Ермекбай Маржан.
от8.jpg

Сынып сағатына арнайы келген қонақтар бала тәрбиесіндегі ерекше тұстарымен бөлісті.

"Көп ата-ана жұмысқа таңертең 8-де кіргеннен кешке бір-ақ шығатыны белгілі. Мен өз басым жұмыстан кешке сағат 7-ден қалмай шығуға тырысамын. Неге десеңіз, мен кешкі уақытымды өз балаларыма, өз отбасыма бөлгім келеді. Сосын қазірде біз ұялы телефонды дұрыс қолданбаймыз. Мен былтыр ұлымның сабақ үлгерімі төмендеген соң, бар ойындар мен телефонға шектеу қойдым. Осылайша төрт балам телефонға үңілмей, керісінше бір-бірімен шүйіркелесіп сөйлесіп, көп кітап оқи бастады. Яғни телефонды мүлдем қолданбау керек демейміз, оны тек қажет жағдайда ұстаған дұрыс", - дейді бүгінгі сынып сағатына арнайы келген қонақ, Сауда және интеграция министрлігінің жауапты хатшысы Жәнібек Нөпіров.

 

ноп.jpg

Ұстаздар мен балалар да тәрбие сағатына қатысты ойларымен бөлісті.

"Маған тәрбие сағатының тақырыбы, әр баланың осыған сәйкес пікірі өте ұнады. Әр бала өз отбасын құрметтейді, қолдайды және жақсы көреді", - деді 8 "В" сынып оқушысы Қайырбеков Ернұр.
от4.jpg
"Еліміздің болашағы үшін отбасылық құндылықтарды сақтай білуіміз керек. Жалпы Қазақстан халқы өте қонақжай ғой. Балалар бойында осы құндылықтарды сақтап қалу өте маңызды", - деді 4 "Ә" сынып жетекшісі Айгүл Сейдуалиқызы.
от7.jpg

"Отбасы ең қымбат байлық. Отбасында бірлік сақтау керек, өйткені отбасы мақтанышымыз, оны құрметтеп сыйлаймыз", - дейді 4-сынып оқушысы Абжанова Дәнел.
от10.jpg

Сынып сағатында әжелер құрақ құрап, тігін тігуді де үйретті.

"Бүгінгі тақырып отбасына байланысты. Мен бүгін балаларға ұлттық өнер туралы айттым. Тәрбие отбасынан басталады. Бала қалай қалыптасса, солай бейімделіп өседі. Бүгін жалпы отбасылық татулық, береке, ынтымақ туралы айттық. Жалпы ұлттық қолөнерді дамытуда біраз дүние жасалып жатыр. Ол осы балабақша мен мектептен басталу керек. Менің немерем Айсұлу ине ұстап үйренген, тігуге икемі бар. Мен де бұл өнерді әжемнен үйренгенмін. Немерем тіпті қуыршақтарына қажет киімдерді өзі тігіп алады. Бұл дегеніңіз ұрпақтар сабақтастығы", - деді Боранжанова Гүлнар әже.
от3.jpg

Әміргүл Оразбекқызы бала өзі көзбен көріп, қолмен жасағаннан көп тәлім-тәрбие алатынын баса айтты.

"Зейнеткерлікке шыққаннан кейін балаларды қолөнерге үйретсем, дамытсам деген ойым болды. Бүгін балаларға құрақ құрауды үйреттім. Ол балаларды шыдамдылыққа, әсемділікке, әдемілікке үйретеді. Мұндай тәрбие сағаттары өте керек. Қолмен жасап көргенінен балалар көп өнеге алады, үйренеді. Геометрия пәніндегі барлық фигура осы құрақта бар. Түстерді келтіре білу де өнер. Өнерлерін дамытуда шамалы болса да сабақ алды деп ойлаймын. Бәрі тігінші болу мақсат емес, әрбір қыз бала ине-жіп ұстай білудің өзі өнер", - дейді Әміргүл Оразбекқызы.
от1.jpg

Сынып сағаттары облыс және қала, аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының, өнер және саясат қайраткерлерінің, еңбек ардагерлерінің, ата-аналардың қатысуымен өтті.

Сынып сағаты "Отбасы – тәрбие басы, мектеп – тәрбие жаршысы" интернет-акциясымен жалғасатын болады. Оқушылар әлеуметтік желілерде өз отбасы туралы 1-2 минуттық бейнероликті жариялады.

от6.jpg

 

 шок.jpg

 

Өзгелердің жаңалығы