Елордада Оспан батырға арналған ғылыми жиын өтті

Елордада Оспан батырға арналған ғылыми жиын өтті
PHOTO
1490

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Алаш рухы және Оспан батыр Исламұлы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Игі істі қазақ көші мен мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай Геральдикалық зерттеулер орталығы Академиялық кітапханамен бірлесіп ұйымдастырды. 

Қазақ хандарынан жалғасқан ел мен жерге деген шексіз адалдық Алашшылдар арқылы жер бетіндегі барша қазақтың қанына жол тартты. Өр Алтай күресі де алашшыл рухтың асқақ мәртебесіндей тарих бетіне алтын әріптермен қалды. Солардың бірі де бірегейі, Шыңжаңдағы түркі халықтарының ұл-азаттық қозғалысы көшбасшыларының бірі – Оспан Исламұлы. 

Оспан батыр – қазақтың ұлы адамдарының бірі. Ұлттың ары үшін жанталасқан батырымыз. Оның тарихын зерттеушілер көп. Алайда барлығы шындыққа жанасады деп айтуға келмейді.  Ұлы даланың алып арыстандарының бірі Оспан атамыз туралы ұрпақтарымыз білуі қажет. Оның бейнесін жасау - баршамызға сын, - деп атап өтті Шыңғысхан Академиясының академигі Сартқожа Қаржаубайұлы.

Оспан батыр туралы алғашқы докторлық жұмысымды жазу маған нәсіп болды. Жұмысымды жазу барысында Оспан батырдың ірі тұлға екеніне көз жеткіздім. Нұр-Сұлтан шаһарында Оспан батырға арнап осындай ғылыми конференцияның өтіп жатқанына қуаныштымын. Оспан батырдың өмір жолын жазуда үлкен іс атқардым деп ойлаймын. Бұл отырыстан соң одан да үлкен жұмыстар істейтінімізге сенімдімін, - деді Түркиядан арнайы келген тарихшы, ғалым Омер Кул. 

Халықаралық конференция қазақ көшінің 30 жылдығына орай ұлт батырын ұлықтауды мақсат тұтып отыр. ХХ ғасырда әлем назарын аудартқан ұлы тұлғалардың бірі, тек қазақ зерттеушілері емес, шетелдік ғалымдардың да зерттеулерінде күрескерлік даңқы туралы қаншама дастан өмірге келген Оспан батыр Исламұлы ерлігін бүгінгі қоғамға үлгі еткіміз келді дейді ұйымдастырушылар. Сондай-ақ қиыр шеттегі қазақ тарихын жүйелі зерттеуге жол ашуды діттеген. 

Алқалы жиынға Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Еркін Әбіл, Шыңғысхан Академиясының академигі Сартқожа Қаржаубайұлы сынды көрнекті ғалымдармен қатар, Түркия елінен тарихшы, ғалым Омер Кул,  жазушы Жәди Шәкенұлы, журналистер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 


Фото: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы