Елордада «Менің рәміздерім» акциясы аясында 500 жалауша таратылады

3 Маусым 2023, 18:53
2362
Бөлісу:
Елордада «Менің рәміздерім» акциясы аясында 500 жалауша таратылады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ архив

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай елордада Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Ұлттық ұланның қолдауымен «Менің рәміздерім» атты акциясы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Менің рәміздерім» акциясының басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерді ұлықтап, халықтың патриоттық сезімін ояту. Себебі біздің рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін тұтас әлемге танытатын, халқымыздың асқақ рухын, қаһармандығы мен даналығын айқын көрсететін құнды белгілер.

Атап айтқанда, бұл акцияға Ұлттық ұлан «Орталық» жиынтық оркестрі, «Батыс» жиынтық оркестрі, «Шығыс» жиынтық оркестрі, «Оңтүстік» жиынтық оркестрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының әскери оркестрі, Ұлттық ұланның үлгілік көрсетімді оркестрі қатысады. Сондай-ақ Назым Бекишева, Диас Құсаинов, Парасат Отан, Ақтан Есімов және Даниал Өмірбаев сынды республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары, әншілер мен «Binom Dance stydy» жас бишілер тобы өнер көрсетеді. Арнайы шақырылған қонақтар қатарында қоғам белсенділері, Олимпиада чемпиондары мен ғарышкерлер бар.

Акция барысында Ұлттық ұлан сарбаздарының қатысуымен ту көтеру салтанатты рәсімі өтетін болады. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарына 500 дана жалауша мен 200-ге жуық шар тегін таратылып, флешмоб ұйымдастырылады.

Іс-шара 4 маусым күні сағат 10:00-де «Бәйтерек» монументінің алдында өтеді.

Айта кетейік, бұл «Менің рәміздерім» акциясының кезекті үшінші кезеңі. 

Мерекелік акцияның алғашқы кезеңі аясында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен 2023 жылдың 17 мамыр күні жас ақындар арасында қалалық «Қалам мен Ғалам» атты поэтикалық дуэлі өткен болатын. 

Ал екінші кезеңі 3 маусым күні қала тұрғындары арасында викториналық сауалнама жүргізумен өз жалғасын тапты.

Өзгелердің жаңалығы