Елордада "Ұлы даланың ұлтаралық тілі" атты республикалық форум өтіп жатыр

11 Желтоқсан 2019, 16:15
3090
Бөлісу:
Елордада "Ұлы даланың ұлтаралық тілі" атты республикалық форум өтіп жатыр
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған Тәуелсіздік күніне орай "Ұлы даланың ұлтаралық тілі" атты форумы өтіп жатыр. 

Бүгінгі форумға барлық облыстан қазақ тілін жатық білетін, күнделікті тұрмыста қолданып, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жүзден астам делегация келді.

Форумға ҚХА төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының өкілдері қатысуда. 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін" деген болатын. Мемлекеттік тіл мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігін де еске салғаны белгілі. Мемлекет көздеп отырған меже бойынша 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс, - деді форумның Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев. 

Оның айтуынша,  130 дан астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгін осы жүктелген тапсырмалардың қандай дәрежеде орындалып жатқанын, түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсетуді мақсат етіп отыр.

Жансейіт Түймебаев мемлекеттік тілді өз ана тіліндей меңгерген азаматтарға ризашылығын білдірді. 

Форум барысында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері бірқатар сауалдарға жауап беріп, тәжірибесімен бөлісуде. 

Анам - метеоролог, әкем - Жамбыл облыстық обаға қарсы станция қызметкері. Әке-шешем қазақша сөйлемейді.Үйде тек орысша сөйлесеміз. Кейде ағам екеуміз қазақша сөйлесіп, сырласатынымыз бар. Ауылда бір ғана мектеп болган соң, үйдегілер амал жоқтығынан бізді қазақ мектебіне берген болар. Бірақ қазір мемлекеттік тілді жоғарғы деңгейде  білетінімізге мақтанамыз, - дейді Виктория Трегубова. 
Түрлі ұлт өкілдері қазақ тілін білу арқылы қалай жетістікке жетуге болатынын егжей-тегжейлі баяндап, тіл меңгеруде қандай әдістерге сүйенгенін, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін не істеу керектігіне кеңінен тоқталды. 

Шараға қатысушылар ашық алаң форматында ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.


Өзгелердің жаңалығы