Елордада «Кітаппен әлем мейірімді және жарқын» іс-шарасы өтті

3 Сәуір 2022, 11:25
2162
Бөлісу:
Елордада «Кітаппен әлем мейірімді және жарқын» іс-шарасы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық балалар кітабы күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Кітаппен әлем мейірімді және жарқын» іс-шарасы өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Елордалық оқушылар Халықаралық балалар кітабы күнін атап өтті.

Арнайы қонақ ретінде балалар ақын-жазушылары қатысты. Сондай-ақ кішкентай оқушылармен бірге ата-аналар да шараны тамашалады.

Келген қонақтарға ұйымдастырушылар балалар кітапханасына экскурсия жасап, таныстырды. Балалар қолымен жасалған қолөнер бұйымдарынан көрме өтті.

Жалпы шараны балалардың кітапқа деген құлшынысын ояту үшін ұйымдастырып отырмыз. Қазір «балалар кітап оқымайды» деген пікір айтылады. Мұның екі жағы бар. Авторлар шығармаларын дизайны әдемі етіп көркемдеп шығарса, кітап оқуға құлшыныс артар еді. Себебі біздің кітапхананың тұрақты оқырмандары бар. Ал олардың көпшілігі балалар деп айтар едім. Сондықтан қай ісімізді де балаларға арнап жасап отырмыз. Биылғы Балалар жылында мұндай шаралар көп ұйымдастырылады деп ойлаймын, – деді ұйымдастырушылардың бірі Сағаткүл Сейдахметова.

Шығармашылық зиялы қауым жиналып, балалар әдебиеті мен оның болашағы мәселелерін, «Оқырман ұлт» жобасы аясында кітап оқуды қолдау шараларын талқылады. Талқылауды ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Дөңгелек үстелге балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымұлы, ақын-жазушылар Нұрлан Қалқа, Жәки Шәкенұлы, Баянғали Әлімжан, Дина Ораз, Татьяна Никитина, Зауре Төрехан, тәжірибелі мұғалім Роза Есенбаева қатысты.

Кеш керемет өтіп жатыр. Кітапхананың рөлі зор. Кітаптың құдіреті керемет. Өзім де ақын-жазушыларды шақырып, балалармен кездесу ұйымдастыруға тырысамын. Мұның бәрі болашақ ұрпақ үшін рухани азық. Бүгінгі шара да соның жалғасы деп айтар едім. Біздің ұлт кітап оқитын ұлт болса деп ойлаймын, – деді Роза Есенбаева.

Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының «Еркетай» қуыршақ театры «Өтірік өрге баса ма?» шағын қойылымын ұсынды. Қойылым Т.Әбдірайымовтың «Ала бұға аулаған күн» шығармасынан үзінді қойылды. Балалар жазушысы Зауре Төрехан өзінің «Естен кетпес ерек күн» ертегісі бойынша «Тапқыр болсаң, тауып көр» атты шағын викторинасын өткізді.

Кішкентай оқырмандар бұдан соң мультфильм көріп, аниматормен ойнады.

Өзгелердің жаңалығы