Елордада карантин талаптарын бұзғандар 12 млн теңгеден астам айыппұл төледі

27 Наурыз 2021, 02:24
1410
Бөлісу:
Елордада карантин талаптарын бұзғандар 12 млн теңгеден астам айыппұл төледі

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ. Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен Нұр-Сұлтанда коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Отырысқа қатысушылар қаладағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды, коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шараларды, карантин режимін бұзушылықтарды анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын талқылады.

Бақтияр Мәкеннің айтуынша жағдайды тұрақтандырудың алғашқы белгілері пайда болды. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына, сол сияқты кәсіпкерлік субъектілеріне карантин режимінің талаптарын қатаң орындау міндеттеледі.

Елорданың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, әрбір аудан әкімдігінде 8 мониторингтік топ құрылған.

2021 жылғы 19-24 наурыз аралығында мониторингтік топтар 198 рейд жүргізді, оның барысында 756 нысан тексеріліп, шектеу және карантин талаптарын сақтамайтын 40 нысан анықталды. 2021 жылғы 1 қаңтардан 19 наурызға дейін аудандық полиция басқармаларынан 319 материал келіп түсті, оның ішінде 21 172 830 теңге сомасына 95 әкімшілік айыппұл қаралды және салынды, 12 276 370 теңге сомасына 72 айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді, 59-ы қараусыз қалдырылды (фото, бейне материал жоқ), 19-ы назарға алынды, 21-інде бұзушылық фактісі расталмады, 2 материал бойынша жазаға тарту мерзімі (2020 жылғы қазан, қараша) аяқталды, - деп хабарлады Сархат Бейсенова.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа карантин талаптарын орындамайтын 47 «қасақана бұзушыға» қатысты 54 материал жіберілді.

Қазіргі уақытта елорданың 13 кәсіпкерлік нысанының қызметі тоқтатылды, олардың ішінде: «Тekuila» караоке-бары, «ZOLOTO» мейрамханасы, «Stories» лаундж бары (қазіргі уақытта «Два грузина»), «Abba» лаундж бары, «Алания» түнгі клубы, «Echo» лаундж бары, «Жаным сол» караоке-бары, «Echo» лаундж бары, «Kango» батут орталығы, «Ginza» караоке-мейрамханасы, «Alanya» караоке-мейрамханасы, «Nirvana» бары, «Лото-клуб» бар.

Айта кету керек, ҚР заңнамасының талаптарын қасақана елемеу және кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін уақытша тоқтату бөлігінде сот және сот орындаушыларының қаулыларын орындамау фактілері бар. Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, елорда әлі де «қызыл аймақта» тұр, қала тұрғындары арасында коронавирус инфекциясы жағдайларының өсуі байқалады. Алайда бұған қарамастан жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасы мен Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік дәрігерінің бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы Қаулысының талаптарын сақтамайды, - деп түйіндеді елорданың санитарлық дәрігері.

Соңында Бақтияр Мәкен КВИ таралуына жол бермеу бойынша қалада қабылданып жатқан шаралардың орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды.


Өзгелердің жаңалығы