Елордада карантин бұзған тағы 9 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды

6 Шілде 2021, 00:30
2101
Бөлісу:
Елордада карантин бұзған тағы 9 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен тәулікте, яғни 4 шілдеде елорданың мониторингтік топтары 8 кәсіпкерлік нысанында карантин режимінің бұзылуын анықтады. Мекемелерде маска режимі, әлеуметтік қашықтық сақталмаған, сонымен қатар олар түн ортасынан кейін келушілерді қабылдауын жалғастырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Кәсіпкерлік нысандары арасында карантин режимінің сақталуын тексеретін мониторингтік топтар тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Елордада бірқатар мекеме қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында енгізілген шектеулерді, санитарлық нормаларды елемей отыр. Кәсіпкерлер тарапынан да, қала тұрғындары тарапынан да осындай немқұрайлы қарым-қатынас қауіпті вирусты жұқтыру көрсеткішінің өсуіне алып келеді.

Мәселен, өткен тәулікте, 4 шілдеде карантин талаптарын бұзған 4 нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматы ауданындағы «Aqua club», «King» сауналары мен «Панаехали» бары белгіленген жұмыс режимін сақтамады. 

Сарыарқа ауданында орналасқан «Кега» және «Астана Рок» кафелері түн ортасынан кейін жұмысын жалғастырған. Сонымен қатар, тексеріс кезінде олардың әрқайсысында 40 адамға дейін келуші болды.

Осыған ұқсас жағдай Есіл ауданындағы 4 қоғамдық тамақтану орнында да анықталды: «Кабера» ресто-бары, «Панаехали», «Fish bar» барлары және «Monto Brianco» мейрамханасы. Аталмыш мекемелердің қызметкерлері маска режимін де сақтамаған.

Карантин талаптарын бұзған мекемелерге қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, қаладағы эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз. КВИ инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді. Осыны ескере отырып, қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормалар мен шектеу шараларын қатаң сақтауы тиіс.


Өзгелердің жаңалығы