Елордада ілеспе аударманың шеберлік сағаттары өтеді

3 Мамыр 2019, 18:06
2045
Бөлісу:
Елордада ілеспе аударманың шеберлік сағаттары өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шеберлік кластары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында өткізіледі.

13-17 мамыр аралығында Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейін кеңейту, ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру мақсатында қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аударма жүргізуді үйретудің шеберлік сабақтарын өткізеді.

Шеберлік сабақтары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға ілеспе аударма жасайтын аудармашылардың біліктілігін арттыруды көздейді.

"Шеберлік сағаттарында аударма теориясы, жазбаша аударма мен ауызша аударманың ерекшеліктері, ілеспе аудармашыға қажетті базалық грамматикалық және фразеологиялық үлгілері, сөздік қорды байыту жұмыстары бойынша дәрістер оқылады. Сонымен қатар, аудармашы мамандарға аударма теориясы мен практикасы, аударматанудың өзекті мәселелері шеңберінде оқу-әдістемелік көмек көрсетіліп, аударма саласындағы ғалым мамандар озық тәжірибесімен бөліседі", - делінген таратылған ақпаратта.

Шеберлік сабақтарын белгілі аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова және тәжірибелі ғалым аудармашылар жүргізеді.

Шеберлік сабақтарына Қазақстан Республикасы Премьер министрі кеңсесі және орталық және жергілікті атқарушы органдарының аудармашылары қатысады. Қатысушыларға біліктілік сертификаттары табысталады.

 

 

Өзгелердің жаңалығы