Елордада ІІМ Қоғамдық кеңесінің жұмыс кездесуі өтті

27 Сәуір 2022, 10:16
1297
Бөлісу:
Елордада ІІМ Қоғамдық кеңесінің жұмыс кездесуі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің базасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің жұмыс кездесуі өтті,  деп хабарлайды Polisia.kz. 

Жиын барысында Кеңес мүшелері Ішкі істер органдарының қызметіндегі бірқатар басым мәселелерді талқылады. Қозғалған негізгі тақырыптардың бірі қызметкерлерге жақсы жұмыс жағдайын жасау болды. Айта кету керек, КАЗГЮУ өз қаражаты есебінен елордалық учаскелік полиция пункттерінің бірін жөндеп, онда қызметкерлер үшін де, азаматтар үшін де қолайлы жағдай жасады. 

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар  «полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасының нәтижесімен танысты. «М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті» АҚ провосты Сергей Пен пилоттық жоба шеңберіндегі жұмыс қорытындыларымен бөлісіп, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар айтты. 

Жұмыстың сервистік моделіне көшу қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және халықтың тығыз әріптестігін көздейді.

Жергілікті атқарушы органдармен және басқа да мемлекеттік уәкілетті органдармен жақсы әріптестік оң нәтиже береді. Ортақ жауапкершілік болуы тиіс, – деді ведомство басшысы Марат Ахметжанов. 

Сонымен қатар отырыс барысында Марат Ахметжанов жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзған жүргізушілермен полицейлердің жұмыс жасауы үшін әзірленген «Қорғау» арнайы қосымшасын таныстырды. Бағдарлама бұзушылықтардың және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді. Осы жүйенің көмегімен министр Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының жолдарындағы жағдайды салыстырды. Ведомство басшысы, сондай-ақ, «Сергек» бейнетіркеу модульдеріне қатысты жаңашылдықтар туралы айтты. 

Іс-шара соңында Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы уақытта да азаматтарды қолдау, полиция мен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың тиімді серіктестік моделін қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыратынына сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы