Елордада «Халықтың бюджетке қатысу» жобасы жалғасып жатыр

29 Наурыз 2022, 07:50
1228
Бөлісу:
Елордада «Халықтың бюджетке қатысу» жобасы жалғасып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Халықтың бюджетке қатысу» жобасына қаланың барлық ауданы қатысады. Биыл тұрғындардан қаланың төрт ауданында орналасқан аулаларды абаттандыру бойынша 228 жоба келіп түсті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Халықтың бюджетке қатысу» жобасының арқасында елорда тұрғындары өз идеялары мен ұсыныстарын білдіре отырып, аула аумағын абаттандыруға, аудандарды жарықтандыруға, көгалдандыруға тікелей араласа алады.

«Халықтың бюджетке қатысу» жобасы – қоғамдық бастамаларды алға жылжыту құралы, осы арқылы аулаларды тұрғындардың қалауы бойынша өзгерту мүмкіндігі.

Бұл жоба үш бағыт бойынша дамуды көздейді: аулаларды абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыру.

«Халықтың бюджетке қатысу» жобасын іске асырудың бірінші кезеңінде аудан әкімдіктері тұрғындардан өтінімдер қабылдайды. Осыдан кейін сараптама комиссиясының отырысында барлық жоба мұқият қаралды. Биыл тұрғындардан 228 жоба келіп түсті. Сараптамалық кеңес 150 жобаны іріктеп алды.

Қазір дауыс беру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша 2022 жылы іске асырылатын жобалар анықталады. Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңдері туралы барлық ақпарат елорданың аудандық әкімдіктерінің интернет-ресурстарында жарияланады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жоспары аясында 200-ден астам аула мен қоғамдық кеңістікті (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандыру жоспарланып отыр. Соңғы жылдары 500-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды.

Өзгелердің жаңалығы