Елордада халықаралық еріктілер орталығы ашылды

19 Маусым 2023, 23:08
907
Бөлісу:
Елордада халықаралық еріктілер орталығы ашылды
Фото: gov.kz

Астанада еріктілер бас қосатын халықаралық волонтерлік орталық ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ кеңсе. Яғни, шетелдік болсын, өзіміздік болсын келіп, игі бастамасын жүзеге асыра алады. Орталықтың ашылу рәсіміне Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген волонтерлік ұйым өкілдері қатысты. Ал бұл кеңсе қарт адамдарға көмектеседі, экология, IT және инклюзия салалары мен ЗОО волонтерлік бағыттар бойынша жұмыс істейді. Әзірге 20-ға жуық ерікті жобаларды үйлестіріп, ел бойынша оқыту, насихаттау жұмыстарын жүргізіп отыр. Бас кеңсенің ашудағы мақсат – Орталық Азия волонтерлерінің өзара тығыз байланысын орнату. Бірлескен істе нәтиже болады. Бүгінде елде 680 еріктілер ұйымы бар. Жақсылықтың жаршысы – игі іске жұмылғандардың да саны артқан. 2019 жылы 50 мың болса, қазір 200 мыңнан асып жығылады.

Бұл жерге шет елдік волонтерлер келе алады. Жалғыз шет елдік емес, Қазақстандық волонтерлер. Есік ашық қой бұл жерде. Қазір технологиялар дамыған ғой, интернет арқылы хабарласып отырады. Орталық Азия елдерінде қандай ахуал болып жатыр, қай жерге көмек керек, қай жерде тәжірибе алмасу, ертең бірігіп қандай жұмыс істейміз?! Осы бағытта жұмыс атқарылады, - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров.

Өзгелердің жаңалығы